Облыс орталығында полиция қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік шаралар өтті. Бұл – жылда ұйымдастырылатын дәстүрлі думан. Салтанатқа орай Оқушылар сарайы адам танымастай безендірілді. Іштегі атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда үлкен де, кіші де мәз-мейрам болады. Думан барысында Аяз ата мен Ақшақар аниматорлармен бірге көңілді байқаулар өткізді, балалардың көңіл-күйін көтерді. Ал тәртіп сақшыларына арнап қылықты және өнерлі ұл-қыздары концерттік бағдарлама дайындаған. Сондай-ақ, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы облыстық филиалы қабырғасында да мерекелік кеш ұйымдастырылды. Мұнда футбол үйірмесінде жаттығатын 80-нен астам бала үшін спорттық жарыс өтті.
ТАЛҒАТ ТУҒАНБАЕВ, «Динамо» ДШСҚ облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
— Ата-аналарыңыз сіздердің еліміздің атын шығаратын чемпион болғандарыңызды қалайды. Биыл қол жеткізген жетістіктеріңіз 2026 жылы одан әрі еселенуін тілеймін.
Шараға кәсіби спортшылар арнайы келіп, ізгі тілектерін білдірді. Кейін жас футболшылар қошеметке бөленді. Оларға тәтті және бағалы сыйлықтар табысталды.