Мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялады. Оның аясында ауқымды жұмыс атқарылды, еңбек адамдарының еңбегі бағаланды. Кадр тапшылығы азайып, техникалық мамандықтарға түскен жастардың саны артты. Бүгін облыстық әкімдік қабырғасында жыл қорытындыланып, аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан жандар мемлекеттік наградаға ие болды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қазақстанның дамуы – алдымен адал еңбектің, маңдай тердің және кәсіби жауапкершіліктің нәтижесі. Өңірдің өркендеуі, ел экономикасының нығайуы күн сайын өз ісіне шынайы берілген жұмысшы мамандардың арқасы.
Алқалы жиында 10 адам “Ерен еңбегі үшін” медаліне ие болды. Мемлекеттік марапатты оларға Президенттің атынан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады. Талай жыл бойы төккен тер ақталды. Құрметке бөленгендердің арасында “Есіл су” филиалының бас механигі Тұрсынбек Шайсұлтанов та бар. Ол кәсіпорында 10 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.
ТҰРСЫНБЕК ШАЙСҰЛТАНОВ, “Есіл су” филиалының бас механигі:
— Филиал облыс аудандарын толықтай сумен қамтамасыз етеді. Менің қарамағымда 200-ден астам техника мен 120-ға жуық адам бар. Біз құбырлар жарылып, қондырғылар істен шықса бірден жөндеуге міндеттіміз. Жұмысымыз оңай емес. Халықтың үмітін арқалап жүрміз. Сондықтан аянбай еңбек етеміз.
Тұрсынбек Талғатұлы филиалда әлі де кадр тапшылығы бар екенін жасырмады. Кәсіпорынға келем деген жасқа бар білгенін үйрететінін жеткізді.
Нұрасыл Ахмет