Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Жаңа жыл – Жылқы жылы

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

— Жылқы – төрт түліктің төресі, ерекше қасиетке ие жануар. Қамбар ата төлі лай суды ішпейді, шөпті таңдап жейді. Оған ұқыпты қарау қажет. Себебі, жылқы – мінсең көлік, жесең – тағам, ал ішсең – сусын.

Байырғы заманнан бері қазақ халқы мен Қамбар ата төлінің арасында ерекше байланыс бар. Тарихпен таныспыз. Солтүстік Қазақстан – асауға алғаш ауыздық салынған мекен. Бұл – расталған, әлемнің ғалымдары мойындаған дерек. Сондықтан болар жылқы жанымызға жақын.

Алаш жұрты арыстанды аң патшасы десе, ал жылқыны мал патшасы деп бағалайды. Есті жануар, тілсіз адам деп те айтып жатамыз. Оған толық негіз бар. Төрт түліктің төресіне біраздан бері жүген салып, тізгін тартып жүрген Анжелика Патошкинаның айтуынша, жылқының мінезі адамдікіне өте ұқсас. Сабырлы сәйгүліктер де, қыңыр, қызуқанды тұяқтылар да табылып жатады.

АНЖЕЛИКА ПАТОШКИНА, жылқы өсіруші:

— Әр жылқының мінезі әртүрлі дер едім. Мысалы, мына айғыр бес жаста. Ол қыңыр, қырсық, сөз бен бұйрыққа бірден көнбейтін жануар. Жаңа адамдарды жақтыра қоймайды. Мұндай сәтте адам мінезді, өзіне сенімді болу қажет. Сонда ғана ырқына көндіре алады. Ұқсастық өте көп. Оны жануарлар әлеміне жақын жандар ұғынып жатады.

Нәзікжанды ат спортымен 13 жылдан бері айналысып келеді. Осы уақытқа дейін талай сәйгүлікті баптаған. Бәйгелерде тұлпарлардың ерекше қасиетін байқапты. Мәреге жақындаған кезді арғымақтар сезеді. Алға ышқынып, бірінші жетуді көздейді. Мұндағысы – иесінің, шабандоздың сенімін ақтау. Осы қасиетіне қарап та Қамбар ата төлінің ақылды, сезімтал, адал екенін ұғынамыз.

АНЖЕЛИКА ПАТОШКИНА, ЖЫЛҚЫ ӨСІРУШІ:

— Жылқының қасында артық қимыл жасаудың, айғайлап зекудің керегі жоқ. Ол барлығын сезеді. Тіпті, көңіл-күйімнің жоқтығын біледі. Егер қабағым қатулы болса аттардан ерекше сезім таралады. Көп уақыт өтпей күлімдеп жүргенімді байқамай қаламын.

Жылқы жылы есігімізді қағып, табалдырығымызды аттағалы отыр. Қазақы наным-сенімдерге сүйенсек, бұл жыл шаруашылыққа қолайлы, тұрмыс-тіршілікке жайлы, молшылығымен ерекшеленетін берекелі жыл болмақ. Алысты болжайтын көреген ата-бабаларымыздың болжамы тура келеді деген сенімдеміз.

 

Ұлан Ыдырыс