СҚО әкімдігі

Сенат депутаты Әсем Рахметова Есіл ауданындағы креатив орталығын аралады

Креатив орталығында төрт негізгі бағыт қамтылған. Коворкинг-кеңістік, робототехника және 3D-жоспарлауды оқыту аймағы, жасанды интеллект пен стартап-жобаларды дамыту алаңы, сондай-ақ заман талабына сай жабдықталған медиастудия. Аталған студияда шығармашылыққа жақын аудан тұрғындарына ән жазуға және идеяларын жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған. Кейін Сенат депутаты робототехника және 3D-жоспарлауды оқыту аймағын, ондағы заманауи құрал-жабдықтармен және оқу үдерісімен танысты. Бұл бағытта жастарға жаңа технологияларды меңгеруге, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға және практикалық жобалар арқылы тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік бар.

Орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін 10 жаңа компьютер мен 7 ноутбук сатып алынып, заманауи жиһаздар орнатылды. Алдағы уақытта креатив орталық базасында түрлі оқыту бағдарламалары, шеберлік сабақтары, хакатондар және стартап-интенсивтер өткізу жоспарланып отыр.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

— Осы бағыттағы заң жобасының жасаушысы ретінде “Қандай мәселелер болу керек?” деп орталыққа арнайы келіп отырмын. Шыны керек, өзге облыстағы орталықтардан кемдігі жоқ. Жастардың жасанды интеллектіні, краетивті индустрияның элементтерін пайдалана отыра жұмыстарын ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Соған риза болып отырмын.

Жұмыс сапары аясында Әсем Рахметова аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда ол атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Биыл Сенатта барлығы 102 заң қаралса, соның 15-і депутаттардың бастамасымен жүзеге асты. Сенат қабырғасында екі ауқымды тақырып бойынша парламенттік тыңдау өткізілді. Бұдан бөлек, жыл бойы өңірлерге жүзден астам іс-сапар ұйымдастырылып, халықтың ұсыныс-пікірлері мен түйткілді мәселелері тікелей зерделенді.