Құқық қорғау органдары

Полицейлер балалардың арманын орындады

Полиция департаментінің басшылығы балалардың арманын орындауға мүмкіндік беретін игі акцияға қатысты. Ғажайыпқа сенетін ұл-қыздар өздерінің тілегін қағазға жазып, жәшікке салған. Сол жәшіктегі 2 хатты облыстың бас тәртіп сақшысы Айдын Қабдұлдинов пен орынбасары Марат Жұмалиев алды. Оларды 9 және 11 жастағы Ерасыл мен Дана жазыпты. Шенділер жаңа жыл қарсаңында балаларды департаментке шақырды. Ведомствоға патрульдік автокөлікпен Аяз ата мен Ақшақар жетті. Балалардың көптен күткен арманы орындалды. Аяз ата оларға гироскутер мен қақпашыға арналған спорттық жабдықтар жиынтығын, дәлірек айтсақ, қолғап пен аяқ киім табыстады.

Армандап жүрген сыйлықтарын алған балалар ертегі кейіпкерлері мен полицейлерге шын жүректен алғыс айтты. Сонымен қатар, жеткіншектерге патрульдік автокөлікпен қыдыру ұсынылды. Дауыс күшейткіштің жұмысымен танысқан Ерасыл ерекше мүмкіндікті пайдаланып, Петропавл қаласы тұрғындарын келе жатқан мерекемен құттықтады. Мереке күндері полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жерлестеріміз бен облыс қонақтарының қауіпсіздігі – жіті назарда.