Мереке күндері ауа райы қалай болады? Осы сұрақпен “Қазгидромет” мамандарына жүгіндік. Жеті рет өлшеп, бір рет кесер синоптиктер жинақталған дерекпен бөлісті. Желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында түрлі құбылу орын алмақ. Өңір аумағында тұман түсуі, қар, тіпті жаңбыр жаууы, дүлей жел соғуы, сырма жүруі, көктайғақ болуы ықтимал. Температура күндіз небәрі минус 3 пен 5-тің аралығын құраса, ал түнде 6-8 градусқа дейін ғана төмендейді. Яғни, сықырлаған сары аяз болмайды.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
— 31-ші желтоқсанда түнде облыстың солтүстігінде, шығысында қар, бұрқасын, көктайғақ болады, ал күндіз қар, бұрқасын күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстікке ауысады, күші – 9-14 с/м.
Жылқы жылы боранмен басталмақ. Түнде аймақтың солтүстік аймағында қар жаууы мүмкін. Көп жерлерде тұман түседі. Оңтүстіктен жел соғады. Жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетпек. Ал ауа температурасы түнде -10 градусқа дейін төмендейді.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
— 1-ші қаңтарда түнде облыстың солтүстігінде, шығысында қар, бұрқасын болады, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде қар, бұрқасын болуы мүмін. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі.
Тұрақсыз ауа райына тұрғындар дайын болуы керек. Әсіресе көктайғақты назарда ұстаған жөн. Егер күн жылынып, артынша суытса немесе қар аралас жаңбыр жауса, жолдар жабылып жатады. Осыған байланысты халықты алыс сапар жоспарламауға шақырамыз. Сонымен қатар, көшеде де абай болған жөн.