СҚО әкімдігі

Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспарының жобасы мақұлданды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу барысы қаралды. Жиында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасады. Үкімет отырысында 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарларының толық орындалғаны айтылды. Жоспарға енген 22 заң жобасының барлығы қабылданды немесе Парламент қарауына енгізілді. Осы жылы медициналық сақтандыру, баламалы энергетика, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша маңызды заңдар қабылданды. 2026 жылы Үкімет заң шығару жұмысының экономика мен әлеуметтік саланың маңызды аспектілеріне қатысты негізгі бағыттарына баса мән береді. Бағыттардың бірі – мемлекеттік мүлікті басқаруды одан әрі жетілдіру.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:

— Мемлекеттің экономикаға қатысу шегін нақты айқындап, басқару ісіне қатысты құқықтық талаптарды бекітіп алу қажет. Біз жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайту үшін нормативтік базаны жетілдіру бағытында белсенді жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың жүйелі әрі кешенді тәсілін қамтамасыз ететін заңнамалық бастамалар бар. Келесі жылы барлығы 12 заң жобасын әзірлеу көзделген.

Премьер-министр мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына әрбір заң жобасының сапалы әзірленуін және олардың Мәжіліске уақтылы енгізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Әділет министрлігі Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің заңнамалық тапсырмаларына жыл бойы мониторинг жүргізіп отыруға тиіс.