Солтүстік Қазақстан облысында жол қауіпсіздігі алаңдатарлық жағдайда. Зымыранша зулайтындар, ережені елемейтіндер, тәулік бойы көлік тізгіндейтер бар. Солардың кесірінен түрлі апат орын алып жатыр. Өкінішке қарай, ай сайын адам шығыны тіркелуде. Статистиканы әрмен қарай өршітпес үшін Петропавлда “Назар аударыңыз – көктайғақ!” акциясы өтті. Алдын алу шарасын прокуратура өкілдері жергілікті билік өкілдерімен бірлесе ұйымдастырды.
АЛМАС АСАИНОВ, СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
— Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде облыс жолдарында 542 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 47 адам қаза тауып, 710 астам адам жарақат алды. Статистика көрсеткендей, жол қауіпсіздігі алаңдатады.
Акция барысында құқық қорғау органдарының өкілдері қала ішінде және республикалық автожолда жүргізушілермен тілдесті. Мамандар көлік тізгіндеген жандарға жолда жылдамдықты және қашықтықты сақтау, қараңғы мезгілде сақ жүру сияқты ережелерді түсіндірді.
АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ДП ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
— Бүгінгі шараға шенділер, заң өкілдерінің мамандары ғана емес, еріктілер де қатысуда. Біздің мақсатымыз – жол қауіпсіздігін барша жанға ұғындыру. Әркім жолда жылдамдыққа, ұқыптылыққа жауапты қарау керек. Біз сөзбен шектелмейміз, тиісті талап жазылған ақпараттық қағаздар таратып берудеміз. Бұл акция өңірімізде әлі жалғасын табады.
Шенділер жүргізушілерді қыс мезгілінде көктайғаққа баса мән беруге шақырады. Ұлпа қардың асты қандай екенін білу мүмкін емес. Жоғары жылдамдықтағы көлік қас қағым сәтте қалпақша ұшуы мүмкін. Бұған жол бермеудің бірден-бір амалы – төмен жылдамдық, шұғыл тежеуден бас тарту және ұялы телефонға елеңдемеу.
Мәдина Қаби