Спорт

СҚО спорты: Жыл қорытындысы жария етілді

2025 жыл өңірдің спорт саласы үшін сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Небір рекордтар жаңартылды, жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Теріскейлік толағайлар биыл 1100-ден астам медальды қанжығаға байлаған. Оның 300-ге жуығы – алтын. Әлемдік додаларда атой салған жерлестеріміз де жетерлік. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова бізбен жыл қорытындысымен бөлісті.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Биыл Наталья Богданова өңір тарихында тұңғыш рет бокстан әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды. Ербол Хамитов парабиатлоннан «Хрустальды глобусқа» ие болды.

Спортшыларымыз әлемдік додаларда атой салсын десек оларға бар жағдайды жасау қажет. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған. Биыл облыста 40-тан астам спорт нысаны бой көтеріпті. Жөндеу көргендері де қаншама.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Биыл облыста 20-дан астам шағын футбол алаңы ашылды. Келесі жылы 5 мың орынға шақталған заманауи кешен салуды жоспарлап отырмыз.

Төрт жылда бір келетін Қысқы Олимпиада ойындарына да аз қалды. Бүкіл әлем көз тіккен бәсекеге өңірімізден қанша спортшы қатысады? Бұл сұраққа Қарлығаш Әсетқызы жауап берді.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Олимпиадаға өңірден 3 спортшы барады деп үміттендік. Соның ішінен конкимен жүгіруші Надежда Морозова ғана жолдама алды. Ол жаһандық бәсекеде 6 қашықтық бойынша бақ сынайды.

Қарлығаш Рамазанованың сөзінше, облыста барлығы 225 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 2026 жылы бұл көрсеткіш еселеп артады деп үміттенеміз. Спортшыларымыз да толағай табысқа жетіп, көк туымызды көкте желбіретсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

 

Нұрасыл Ахмет