Петропавл теміржол вокзалына Алматыдан пойыз жетті. Перондағы халықтың көпшілігі №13 вагонға қарай беттеп бара жатыр. Қазір олар “алтын қыз” атанған өңір мақтанышы Кристина Шумековамен қауышады. Жерлесіміз сонау Италияда елдің абыройын асқақтатты, әнұранымызды бір емес, бірнеше мәрте шырқатты.
Күннің суығына қарамастан жақындары, бапкерлері және ізін басар іні-сіңлілері Кристина Шумекованы жылы қарсы алды. Чемпионымыз бұған әбден лайықты. Ол Италияда конькимен жүгіру спортынан жасөспірімдер арасында өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңдерінде қарсыластарынан түрлі қашықтықта басым түсті. Мойнына 6 бірдей алтын жүлдені тақты. Бұл – отандық спорт үшін, өңіріміз үшін зор жетістік. Біле жүрген маңызды, Кристина – Шал ақын ауданындағы аядай ғана Повозочное ауылының тумасы.
КРИСТИНА ШУМЕКОВА, конькимен жүгіруден әлем кубогының 6 дүркін чемпионы:
— Қарапайым отбасыдан шыққан қызбын. Жанұядағы 3 қыз да халықаралық деңгейде конькимен жүгіру спортымен айналысады. Бізге ата-анамыз сенеді, үнемі қолдау танытады. Ал біз солардың үмітін ақтау үшін еңбек етудеміз. Алдымен үлкен әпкем Петропавлдағы спорт мектебіне түсті. Артынан екінші әпкем екеуміз ердік. Мені қарсы алған, жанкүйер болған жандарға алғыс білдіремін!
Кристина Шумекова қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайды. Отандық спорт жанкүйерлері шашасына шаң жұқпас қызды төрт жылдықтың басты бәсекесінде көргісі келгені жасырын емес. Жақында чемпионымыз нақты шешім қабылдаған. Жасөспірімдер арасындағы додалардың барлығында тұғырдан көрінгісі келеді. Жеңімпаз да, оның жеке жаттықтырушысы да темірді қызу кезінде соғар күн туады деп санайды.
ОЛЬГА ИХТЕНДРИС, Кристина Шумекованың жеке жаттықтырушысы:
— Кристина сияқты қыздар жаттықтырушылардың көзіне мүлде түспеуі мүмкін. Ол өзінің бойындағы дарыны арқылы көпшілікке танылды, өзін дәлелдеді. Өте еңбекқор, қарапайым, жауапкершілігі жоғары қыз. Спортшының бойында осы қасиеттер міндетті түрде болуы қажет. Әрдайым қолдап отырамыз. Шәкіртім Олимпиада ойындарына қатысатын, жүлде еншілейтін күн туады. Мен оған сенімдімін.
Бұрымдымыз бағындырар белес әлі алды. Жаңа жылда конькимен жүгіру спортынан жасөспірімдер арасында Әлем кубогының үшінші кезеңі мен Әлем чемпионаты өтеді. Кристина Шумекова елімізге тағы да алтын арқалап қайтуды мақсат етіп отыр.
Байболат Құлтанов