Спорт

Петропавлда жеңіл атлетикадан ашық қала чемпионаты өтті

Демалыс күндері Петропавлда жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында ашық қала чемпионаты өтті. Жарысқа “Жеңіс” спорт мектебінде тәлім алатын 100-ден астам бала қатысты. Олар жас ерекшеліктері бойынша 5 топқа бөлініп, сынға түсті. Сайысты халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының жеңімпазы Маргарита Мукашева ұйымдастырған.

МАРГАРИТА МУКАШЕВА, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

—2019 жылдан бері балаларды жаттықтырумен айналысамын. Спортта талай жетістікке қол жеткіздім. Менде тек Олимпиада ойындарының ғана медалі жоқ. Шәкірттерім мен бағындыра алмаған шыңдарды бағындырса екен деймін. Осы сияқты сайыстарды көптеп өткізу керек. Бала жарыстың арқасында ысылады.

Мына қыздар 400 метр дистанция бойынша өзара мықтыны анықтауда. Бірінші айналымда олар бір-біріне дес бермеді. Екіншісінде қызылжарлық Таися Миронова қарсыластырын шаң қаптырды. Берілген қашықтықты 1 минут 9 секундтың ішінде бағындырып, жеке рекордын жаңартты.

ТАИСЯ МИРОНОВА, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

— Жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде облыс чемпионатында екі мәрте жүлдегер атандым. Аталған спорт түрімен айналысқан адам тек жүгіруге ғана емес, физикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлу қажет. Болашақта елімнің атын шығаратын спортшы болғым келеді. Сол жолда аянбай еңбек етемін.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тәтті және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Нұрасыл Ахмет