Өңір басшысының айтуынша, бөгеттер салу бойынша қолға алынған ауқымды жұмыстар су тасқыны қаупін біржола жойып, өңірді төтенше жағдайлардың қайталануынан сенімді түрде қорғауға бағытталған. Қазіргі уақытта Қызылжар ауданында бір мезетте үш бірдей қорғаныс нысанын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Тепличное ауылындағы бөгеттің құрылысына 2,8 млрд теңге, Прибрежное ауылында 3,5 млрд теңге, ал Бескөл ауылындағы бөгетке – 2,3 млрд теңге қарастырылған. Қызылжар ауданының әкімі нысандардағы жұмыстардың қазіргі кезеңі, аяқталу мерзімдері мен дайындық деңгейі жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Тепличное ауылындағы жобаның құны – 2,8 млрд теңге. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталды.Нысанның сыртқы бөлігінде бетон негізін құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның шамамен 25 пайызы қалды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов барлық жұмыстарды, оның ішінде жер қазу және басқа да дайындық жұмыстарын келесі жылдың наурыз айына дейін толық аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Өңір басшысымен кездесуге ауылдардың белсенді тұрғындары жиналды. Олар облыс әкімімен бірге бөгеттер қайта салынып жатқан нысандарға барып, жұмыстардың қалай жүріп жатқанын өз көздерімен көрді. Сондай-ақ тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Ермек Сұрағанов – Қызылжар ауданы Прибрежное ауылының тұрғыны. Оның үйін 2024 жылы су басқан. Тұрғын салынып жатқан бөгет көңілінен шыққанын айтады. Жол инфрақұрылымы бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір Вороний аралына апаратын жол қайта жөнделіп, сонымен қатар көпір салынуда. Барлық жұмыстар жоспарға сай атқарылуда.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі таңда шамамен 2 мың тонна бут материалы әкелінді. Геодезиялық жұмыстар толық аяқталды. Құрылыс аланыңда арматура байлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша ұзындығы 72 метрлік үш аралықты көпір салынады.
Басқарма басшысының айтуынша, көпір 2026 жылдың көктеміне дейін пайдалануға берілетін болады. Жоба құны – 860 млн теңге.