Петропавлдық “Қуаныш” волейбол клубы Қазақстан Кубогындағы жорығын аяқтады. Бұл дода жерлестеріміз үшін сәтті болды деп айтуға болады. Теріскейлік қыздар топтық кезеңдегі үш ойында да жеңіске жетті. Ширек финалда “Қарағанды” командасын үш те нөл есебімен ойсырата ұтты. Ақтық сын жолдамасы берілетін ойында ел чемпионы, басты фаворит – “Жетісу” клубынан басым түсті. Айта кету керек, солтүстікқазақстандықтар матчтың басында ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Финалда қуаныштықтарға түркістандық “Тұран” командасы қарсы тұрды. Бұл ойында бәрі жерлестеріміз жеңеді деп ойлады. Бірақ, өкінішке қарай волейболшыларымызды жіті зерттеген қарсылас теріскейліктерден басым түсіп, Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды.