Демалыс күндері Жұмысшы кентіндегі “Буратино” азық-түлік дүкені жаңажылдық атмосфераға бөленді. Мереке қарсаңында мұнда балаларға арналып қызыққа толы шара ұйымдастырылды. Аниматорлар қызықты қылықтарымен балалардың көңілін көтерсе, басты қонақ – Аяз ат мен Ақшақардың келуі жеткіншектердің қуанышын еселей түсті. Бүгінгі шаттыққа толы күн дүкенге келген әрбір жанның есінде ұзақ сақталары анық. Балалар бұған дейін Жаңа жыл қарсаңында түрлі бұйым дайындап, байқауға қатысқан.
— Мен жылқының мүсінін жасаған едім. Оны қиып, бояғанша екі сағат уақытым кетті. Байқау жайлы осы дүкеннің сатушысынан білдім. Кейін бірден қатысуды шештім. Өткен жылы да бақ сынадым. Байқау жылда көңілді өтеді.
— Дүкен басшылығы балаларымызды жылда сыйлықтарымен қуантады. Қыздарым жылда қолөнер бұйымын жасап, мәз-мейрам болысып жатады. Балаларға шаттық сыйлаған дүкен басшылығына көптен-көп рахмет. Тұрақты тұтынушыларын назарсыз қалдырмайды.
“Буратино” дүкені Жұмысшы кентінің тұрғындары үшін күнделікті керек-жарақтың бәрін табуға болатын сүйікті орынға айналған. Мұнда еңбек ететін үш сатушы келген әр тұтынушыны жылы жүзбен қарсы алады. Дүкен иесі тек саудамен шектелмей, адамдарға қуаныш сыйлауды да дәстүрге айналдырған.
ТИМУР ОЧХИКИДЗЕ, “Буратино” азық-түлік дүкенінің директоры:
— Біздің дүкен 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Ал қайырымдылық акцияны су тасқыны басталған кезден бері өткізудеміз. Тұрғындардың көңілін көтеру үшін арнайы ұйымдастырдық. Өзге мерекелерде де өткізіп тұруға тырысамыз. Осы жолы балалар бізге қолдан бұйым жасап әкелді. Біз сол байқауға қатысқан ұл-қыздарға сыйлықтар таратамыз. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Жалпы, байқауға 30-дан астам ұл-қыз қатысты. Олардың барлығы жаңажылдық сыйлықпен марапатталды.
Мәдина Қаби