Қоғам

СҚО-да тұтынушыларға 17,5 млн теңге қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ағымдағы жылды қорытындылады. Журналистерге есеп берген – ведомство басшысының орынбасары Ғалымжан Абаев. Биыл мемлекеттік органға түскен өтініш саны былтырғыдан 133-ке көп. Тұрғындардың басым бөлігі «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы жүгініпті.

ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

—  Департамент тарапынан 624 тұтынушының өтініші қаралды. Олардың ішінде: «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы – 442 өтініш, Telegram-бот арқылы – 67, «жедел желі» телефоны арқылы ауызша – 65 өтініш, тұтынушыларды жеке қабылдау – 42 өтініш.

Әр өтініш жіті қаралған. Нәтижесінде тұтынушылардың құқығы қорғалып, оларға 17 576 682 теңге көлемінде ақшалай қаражат қайтарылған. Соның 5 млн теңгесі бір азаматқа тиесілі. Оған сапасы сын көтермейтін зат сатылыпты. Алған дүние көп кешікпей сыр берген.

ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ, ҚР Сауда және интеграция министрілігі СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

— Мысал келтіруге болады. Жақында тұлғаға 5 млн теңге қайтарылды. Ол шаруашылыққа алған бұйым істен шыққан. Біздің араласуыздан кейін зат кәсіпкерге қайтарылды, ал ақша жүгінуші адамның шотына түсті.

Тиісті ережені елемеген іскер жандар жаза арқалайды. Мысалы, биыл сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 97 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 92 тұлға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін заңға сәйкес жазаланыпты.

 

Байболат Құлтанов