Петропавл қаласында жаратылыстану пәні бойынша екінші облыстық олимпиада өтті. Дәстүрлі білім додасы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылды. Зияткерлік сайысқа қала мен облыстың түкпір-түкпірінен келген ауыл мектептерінің 6-сынып оқушылары қатысты. Жеткіншектер химия, биология, география және физика пәндері бойынша білімдерін сынады. Олимпиаданың мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, олардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру, зерттеушілік ойлауды дамыту және әрі қарай білім алуға ынталандыру.
АЯЖАН ҒАБДУЛЛИНА, Назарбаев Зияткерлік мектебінің география пәні мұғалімі:
— Былтырғы олимпиадамен салыстырғанда бұл олимпиада облыстық деңгейде өтеді. 80-ге жуық оқушы қатысып жатыр. Пәндерге деген қызығушылық өте жоғары. Оқушылар білімдерін барынша сынға салуда.
Олимпиадалық тапсырмаларды орындаған соң, оқушылар Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру ортасымен танысып, мектептің мүмкіндіктері мен оқу шарттары туралы ақпарат алды. Көптеген оқушылар білім сайысының қызықты өткенін, бұл олимпиада осы мектепке түсуге бағытталған алғашқы қадам болатынын жасырмады.
ӘЛМӘДИ КӘСЕН, М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейінің оқушысы:
— Олимпиада жақсы өтті, сұрақтар қиындау болды, бірақ жақсы орындадым деген ойдамын. Өзіме жаратылыстану пәні ұнайды. Тәжірибе жасағанды ұнатамын. Әсіресе, химия, биология пәндерін сүйіп оқимын. Осы мектепте болашақта келіп оқығым келеді, мектеп ұнады.
АЛУА ҚАБДОЛИНА, Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:
— Осы мектепке түсу – менің арманым. Әрі ұстаздарымның үмітін ақтағым келеді. Өзім жаратылыстану пәнін ұнатамын. Сұрақтар мен үшін оңай болды, өйткені жақсы оқимын. Әсіресе ең оңайы – география мен химия пәндері. Өзім баяғадан астроном болым келеді.
Олимпиада қорытындысы бойынша барлық қатысушылар сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен құнды сыйлықтарға ие болды. Мұндай іс-шаралар өңірдегі дарынды балаларды қолдауға және облыс мектептері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Мәдина Қаби