Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Мереке қарсаңында Метлишино ауылы адам танымастай өзгерді

Ұлан Ыдырыс, тілші:

— Қазіргі таңда мен құдды бір жаңажылдық ертегіде жүргендеймін. Бірақ бұл ертегі емес, бұл – Қызылжар ауданындағы Метлишино ауылы. Мұндағы барлық үйлер дәл осылай әсем болып безендірілген. Бұл тіпті игі дәстүрге айналған десекте болады. Басты мақсат – жаңажылдық көңіл күй сыйлау.

Жаңа жыл қарсаңында Метлишино ауылы адам танымастай болып өзгереді. Себебі, мереке қарсаңында ауыл тұрғындары өз аулаларын көздің жауын алатындай етіп безендіреді. Бұл – біраз уақыттан бері келе жатқан дәстүр. Оның пайда болуына себепкер жандардың бірі – Вера Пилипенко. Нәзікжанды осыдан 10 жыл бұрын ең бірінші болып ауласын мерекеге орай әсемдеген. Бұл идеяны кейін ауылдастары қолға алып жалғастырған.

ВЕРА ПИЛИПЕНКО, Метлишино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Ең басында бір түстес жарықшамдар ғана ілдік. Кейін тәжірибе де жинақталды, жаңа идеялар да пайда болды. Сөйтіп, жыл өткен сайын ауланы әсемдей түстік. Мысалы, қазір неше түрлі безендіргіштер қолданамыз. Далаға шырша да қойдық. Жасымыз ұлғайса да көңіліміз жаңажылдық мерекені қалайды.

Қазіргі таңда Вера Пилипенконың ұлы да, келіні де бұл бастаманы қолдайды. Олар өз аулаларын әдемі етіп безендірген. Екатеринаның айтуынша, Жаңа жылға дайындық ерте басталады.

ЕКАТЕРИНА ПИЛИПЕНКО, Метлишино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Біз жаңа жылға алдын ала дайындаламыз. Жарықшамдарды 1 ай бұрын сатып алдық. Жалпы ауланы әсемдеу керемет көңіл-күй сыйлайды. Ауылдастарымыз өте ұйымшыл, ауызбіршілігі мол. Кешке қарай ауыл ішінде жүрсеңіз, ертегілер әлеміне тап болғандай күй кешесіз.

Сондай-ақ, жақында ғана Метлишино елді мекені Светлополь ауылдық округінде өткен «Ең әдемі жаңажылдық аула» конкурсының жеңімпазы атанып 100 мың теңге ұтып алды. Қаражат ауылдың одан әрі дамуына жұмсалады.

 

Ұлан Ыдырыс