ТКШ

Қызылжар ауданында тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселесі шешілді

Баспаналарын жекешелендіре алмаған бұқараның мәселе шешілді. Қызылжар ауданындағы бірнеше адам үйлерін өз аттарына түсіре алмаған соң Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне жүгінген. Мемлекеттік ұйым өкілдері азаматтардың өтініші негізінде аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде шарт жасасу мерзімі себепсіз созылғаны анықталды.

БОЛАТ ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

— Нәтижесінде “Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру” мемлекеттік қызмет көрсетудің белгіленген мерзімдері бұзылды. Аталған бұзушылықтардың себебі анықталды. Бұл жайт бөлімде қызметкердің жұмыстан шығарылуына және мамандардың уақытша болмауына байланысты орын алған.

Әрбір азамат мемлекеттік қызметтерді заңнамада белгіленген мерзімде және сапалы түрде алуға құқылы. Департамент өкілдері осыны еске салады. Егер мәселе туындаса, бірден құзырлы органдарға жүгінген жөн.

БОЛАТ ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

— Департамент мамандарының шұғыл араласуының нәтижесінде жағдай жедел шешілді. 7 өтініш берушімен жекешенлендіру шарттары жасалып, мемлекеттік қызмет толық көлемде көрсетілді.

Мемлекеттік қызметтерді алу барысында сұрақтар немесе қиындықтар туындаған жағдайда азаматтар e-Otinish.gov.kz порталы, “Egovkzbot2.0” телеграм боты арқылы өтініш білдіре алады. Сондай-ақ, 36-01-62 байланыс телефоны арқылы департаментке қоңырау шалуға болады.

 

Мәдина Қаби