Спорт

“Қуаныш” ВК волейболдан ел чемпионатының топтық кезеңін екінші орынмен аяқтады

Бірер күн бұрын волейболдан әйелдер арасында ел чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Өңір намысын қорғап жүрген “Қуаныш” командасы соңғы турда онтүстікастаналық “Алматы” командасына қонаққа барды. Бірінші және екінші кезең толықтай жерлестеріміздің бақылауында болды. Дәлірек айтсақ, 15-25 және 18-25 есептерімен жеңіске жетті. Ал үшінші партия болса тартысқа толы болды. Ала доп жерге шегеше қадалған соққылар мен әдемі комбинациялар сайыстың көркін қыздырды. Өкінішке қарай, бұл партияда теріскейліктер қарсыласына 27 де 25 есебімен есе жіберді. Төртінші кезеңде қателіктен сабақ алған қуаныштықтар қарсыласын ойсырата жеңіп, ойынның нүктесін қойды. Осымен волейболдан ел біріншілігінің топтық кезеңі өз мәресіне жетті. Енді бізді наурызда плей-офф бәсекесі күтіп тұр. “Қуаныш” волейбол клубы 14 ойында 11 рет қарсыластарын сан соқтырып, турнирлік кестеде екінші орынға жайғасты.