әл-Фараби мектеп-лицейінде жаңажылдық ертеңгілік өтті. Шараны білім ұясының қамқоршылық кеңесі ұйымдастырған. Қазір алғашқы жаңажылдық кеш даярлық сынып пен 1-ші және 2-ші сынып оқушыларында өтуде.
ӘМИНА БАЙБУРИНА, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:
— Тоқсанның соңғы күні балалар үшін осындай мереке ұйымдастырдық. Үйлеріне көтеріңкі көңіл күймен кеткенін қалаймыз. Осы орайды қамқоршылық кеңес мүшелеріне алғысымды білдіремін. Әрдайым осылай бізге жәрдем беріп тұрады.
Бүгінгі ертеңгілікке Аяз ата мен Ақшақардан бөлек, мыстан кемпір, түлкі, қоян сынды түрлі ертегі кейіпкерлері қатысуда. Бір қызығы, бұл аталған образдарды ата-аналардың өздері сомдауда. Үлкендер ұл-қыздарына күлкі сыйлап, естен кетпес ерекше күн сыйлау үшін барын салып жатыр.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, әл-Фараби мектеп-лицейі қамқоршылық кеңесінің төрайымы:
— Бүгін қамқоршылық кеңес барлық ата-аналар біріктіріп әсем шырша өткізіп отырмыз. Ең алдымен ертеңгілік – бастауыш сыныптарда, ортаңғы сыныптарға ерекше бағдарламамыз бар, ал жоғары сыныптар үшін арнайы би ұжымын шақырдық. Театрдан жүргізуші алдырдық. Сол себепті, үлкендер де, кішілер де көтеріңкі көңіл күймен кетеді.
Балақайлар ертеңгілікке әсем ән мен би дайындаған. Қыздар қауымы – ханшайым, ал ұлдар сүйікті мультфильм кейіпкерлері – қаһарман болып киініп келген. Жалпы, бүгінгі таңда әл-Фараби мектеп-лицейінде 400-ден астам бала білім алады. Оның жартысы – бастауыш сынып оқушылары.
Ақтолқын Солтанханқызы