Заңсыз пиротехника саудасына жол жоқ! Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары Жаңа жыл мерекесі қарсаңында алдын алу шарасын күшейтті. Қазір шенділер дүкендерді, базарларды аралап, тиісті құжаттары жоқ өнімдерді анықтауда. Бүгінгі күнге дейін көлденең жолмен пайда табуды көздеген бірнеше тұлға жазаланыпты.
ҚҰРМАН МУСИН, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
— Алдын алу шарасының алғашқы кезеңінде 5 әкімшілік бұзушылық анықталды. 69 дана пиротехникалық бұйым тәркіленіп, тұлғаларға 245 750 теңге айыппұл салынды. Бүгінгі бұл сома толық өндірілді. Ал екінші кезеңде заңсыз айналымнан бақандай 4334 дана өнім алынды. 9 хаттама аясында салынған айыппұлдың жалпы көлемі 450 мың теңгеге жуықтайды.
Шенділер тұрғындарды пиротехникалық өнімдерді тиісті құжаттары бар сауда нүктелерінен ғана сатып алуға шақырады. Ал полиция қызметкерлерінің алдын алу шарасы қаңтар айының 3-ші жұлдызына дейін жалғасады. Рейдтің негізгі мақсаты – оқыс оқиғаларға жол бермеу.
БОЛАТ ОСПАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:
— Тұрғындардан пиротехникалық бұйымдарды қолданған кезде абай болуларын сұраймыз. Өнімдерді заңды дүкендерден ғана алу қажет. Нұсқаулыққа сәйкес, отшашуды ашық алаңдарда, тұрғын үйден алшақ аумақта атқан жөн. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударған абзал. Пиротехникалық бұйымдарды ұл-қыздардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек.
Мереке қарсаңында төтенше жағдайлар қызметкерлері де қызу еңбек етуде. Олар мерекелік шаралардың ойдағыдай өтуі, нысандарда тиісті талаптың сақталуы үшін алдын ала тексеру шарасын жүргізіпті. Сол кезде жүздеген бұзушылық анықталған.
БОЛАТ ОСПАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:
— Жаңа жыл қарсаңында департамент қызметкерлері 600-ден астам нысанды назарға алды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы ғимараттары мен тамақтану орындары бар. Тексеріс барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының 522 бұзушылығы анықталды, кемшіліктердің 95 пайызы жойылды.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері қалған нысандарды бақылауда ұстауда. Қазір мамандар кемшіліктерді түзеу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Байболат Құлтанов