Балалар

Президенттік шырша балаларды шаттыққа бөледі

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында дәстүрлі Президенттік шырша өтті. Мерекелік шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен балалар жиналған. Олардың әрқайсысы көңілді кешке тыңғылықты дайындалыпты. Әдемі киім киген, ерекше шаш үлгісін жасатқан. Балғындардың бірі костюмінде ұлттық валютаны бейнелесе, екіншісі 2026 жылдың басты нышаны – жылқыны көрсеткен. Бұл ұл-қыздармен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жеке-жеке танысып шықты.

Балалар арасында Алексей Шишковтың костюмі ерекше көзге түседі. Ол бүгінгі образына “Жасанды интеллект” деген атау берген. Өзіндік мән-мағынасы бар жаңажылдық киімді әзірлеуге 20 күн уақыт кеткен.

АЛЕКСЕЙ ШИШКОВ, оқушы:

Бұл костюмді әзірлеуге ұстаздарым көмектесті. Алдымда – күннің бейнесі. Ал басымды қоршай Жер шары орналасқан. Әр планета білім, ғылым, медицина сынды салаларды ұғындырып тұр. Мен осы арқылы түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін көрсеткім келді.))

Шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Көздің жауын алатын образдар мен арнайы эффект кішкентай көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал сахналанған нөмірлер кештің сәнін көркейте түсті. Ұл-қыздар ертегі әлеміне түскендей күй кешіп, ықыласпен тамашалады. Шара барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңіріміздің аудандарынан жиналған ұл-қыздарды келе жатқан 2026 жылмен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл әр отбасыға амандық пен сәттілік әкелсін. Мұндағы әр бала ертең елміздің үлгі тұтар, біртуар азаматы болсын.

Өңір басшысы ұл-қыздармен шыршаның шамын жақты. Балалар айнала ән шырқады. Шалақындық Кәмила Жантілеев кештен ерекше әсер алыпты. Ол “Таңбалы тас” ханшайымының образындағы костюм киген.

КӘМИЛА ЖАНТІЛЕЕВА, оқушы:

Ежелде адамдар өз тарихы мен дүниетанымын ұмытпас үшін барлығын тасқа қашаған. Бұл қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Мен осы киімен ата-бабаларымыздың даналығын көрсетіп, жиналғандардың есіне салғым келді. Кеш тамаша өтіп жатыр. Мұндағы болғанды достарыма айтып барамын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.

Жалпы, Президенттік жаңажылдық кешке 200-ге жуық бала қатысты.

 

Ақтолқын Солтанханқызы