Құқық қорғау органдары

Полицейлер тұрғындарға қолайсыз ауа райында жолға шықпау қажеттігін ескертуде

Ертең көктайғақ, боран соғады, аяз күшейеді деген хабарлама келді ме сапарға сайлап қойған темір тұлпардың жүгенін тарта тұруға тура келеді. Өйткені, мұндай қолайсыз ауа райында айдалада қалу қаупі жоғары. Жол жабылса да амалын тауып өтіп кететіндер кездеседі. Қалың қар жауғалы ТЖД қызметкерлері 2 бірдей автокөлікті тұралап қалған жерінен сүйреп шығарып, 3 адамның өмірін құтқарды. Өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қауіпке тігетіндерге бұрын ескерту ғана айтылса, енді заң бойынша жауапқа тартылады дейді полицейлер.

ҚАЙЫРЖАН ӘЛІМАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

— Қолданыстағы әкімшілік заңнама талаптарына сәйкес қозғалысқа шектеу енгізілген автомобиль жолдарына шыққаны үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Яғни, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады және 15 күнге қамаққа алынады.

Дегенмен де жолда қалдыңыз ба дереу 102 немесе 112 нөміріне хабарласқан жөн. Қала тұрғыны Нұрулла Төлегеновтің рөл тізгіндегеніне 50 жылға жуықтапты. Көлік басқарудың қыр-сырын жетік меңгерген азамат жолда сабырлық сақтап, қауіпсіздік пен жауапкершілікті де ұмытпау қажет дейді.

НҰРУЛЛА ТӨЛЕГЕНОВ, жүргізуші:

— Телефонға хабарлама келгенде жолға мүлдем шықпаймын. Оған қоса, полицейлер бекеттен өткізбейді. Өзім жүк тасымалдаумен айналысамын. Қолайсыз ауа райында жолға шығу өте қауіпті. Сондықтан басқа жүргізушілерді де тәртіпті болуы шақырамын.

Жолаушы алда келе жатқан Жаңа жылда жиілей түседі.
Абырой болғанда бұл күндер жылы болады дейді синоптиктер. Бірақ, жаңа жауған қарды қатты жел көтеруі мүмкін. Осы орайда жолға шығар алдын тиісті қауіпсіздік шараларын қолға алған дұрыс.

 

Мәдина Қаби