Қоғам

Өңір ардагерлері Петропавлдағы әлеуметтік нысандарды аралады

Аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер Петропавлдағы әлеуметтік нысандарды аралады. Аға буын өкілдері барған алғашқы нысан жақында ашылған мұз сарайы болды. Заманауи кешенде қысқы спорт түрлерінен бөлек, футзал және жүзу спортымен айналысуға болады.

Бұл – “Жас өркен” ықшам ауданындағы жаңадан ашылған балабақша. Мұнда бүлдіршіндер тек қазақ тілінде тәлім алады. Мектепке дейінгі білім беру нысанында балалардың ой-өрісін дамытуға арналған оқу кабинеттері, ойын және спорт залы бар. Жоба құны 2 млрд теңгеге жуықтайды. Қаражат сыртқа заңсыз шығарылып, мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Тәлім мен тәрбие ордасында 12 топ болады.
Кейін ардагерлер қалаға көрік беріп тұрған “Esyl Sity” тұрғын үй кешенімен танысты. Нысан бір және төрт бөлмеліге дейінгі 300-ге жуық пәтер бар. Тұрғындардың демалуына арналған саябақ та қарастырылған.

“Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы аумағындағы саңырауқұлақ фермасы өткен аптада ғана ашылды. Кәсіпорын жылына 2 мың 400 тонна шампиньон мен 4 мың тонна компост өндіре алады. Бұл елдегі аталған өсімдікке деген сұраныстың 25 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Барлығы – 65 адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта облыс орталығында мұндай ауқымды өндіріс орындары көптеп ашылады.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

— 2027 жылы Петропавлда облыста бұрын-соңды болмаған ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерінің және донат зауыты ашылады. Жоба құны 37 млрд теңгеден асып жығылады. Зауыт іске қосылысымен 370 адам жұмыспен қамтылады. Нысанның құрылысымен елге танымал “BI Group” холдингі айналысады. Қазіргі таңда өңірде 900 млрд теңгенің 52 инвестициялық жобасы жүзеге асуда.

Содан соң ардагерлер “Береке” шағын ауданында ашылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Мұнда заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелер, өрт сөндіру техникасына арналған кең бокстар қарастырылған. Жеке құрамның жұмысына қажетті оқу сыныптары, спорт залы, жабдықтар мен арнайы киім сақтайтын бөлме бар.

ӘДІЛ СПАЕН , СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

— 55 метрлік баспалдақ алдырттық. Бұл көпқабатты үйлерде шыққан өртті бірден ауыздықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі экскурсия қариялардың көңілінен шықты. Олар облыс орталығының даму қарқынын оң бағалады.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО құрметті азаматы:

— Бүгін облысымыздың дамып жатқанының куәсі болдық. Өңірлер дамыса, ел де дамиды. Біздің аймақта көштен қалып жатқан жоқ.

Ардагерлер экскурсия соңында “ЗИКСТО” серіктестігінің жолаушы және жүк тасымалдаушы вагондар жасайтын зауытын аралады.

 

Нұрасыл Ахмет