Денсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді ауруханадағы оң өзгерістер

Облыстық көпбейінді аурухана үшін ағымдағы жыл сәтті аяқталғалы отыр. Перинаталдық, кардиологиялық, онкологиялық, тері венерологиялық және негізгі блоктан тұратын мекеме биыл бірсыпыра қондырғымен жабдықталды. Аса маңызды дүниелердің басым бөлімі қомақты қаржыға шетелден жеткізілді. Олар халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін ауадай қажет.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:

— Биыл 2,6 млрд теңгеге 57 бірлік қондырғы сатып алынды. Оның ең үлкені МРТ, КТ, ота жасауға арналған лапороскопиялық бағандар болып табылады. Қазіргі таңда бұл қондырғылар орнатылып жатыр. Жылдың соңына дейін түгел іске қосылады.

Облыстық көпбейінді ауруханаға кадр тарту – күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Мамандар келіп жатыр. Оларға жергілікті билік пен мекеме тарапынан тиімді жағдай жасалады. Мысалы, биыл 13 дәрігер жұмысқа қабылданып, материалдық тұрғыда көмек алған. Дегенмен, әлі де ақ халатты абзал жандар керек. Ауруханада ағымдағы жылы орын алған жағымды жайттың бірі – блоктарда күрделі жөндеу жұмысының жүргізілуі. Қазір бөлімшелер адам танымастай күйге енген.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:

— Жергілікті бюджеттен өте жақсы ақша бөлінді. Ең алдымен урология бөлімшесінде күрделі жұмыс жүргізілді. Нейрохирургия, ЛОР, пульмонология қамтылды. Жедел сатыларда да тиісті жұмыстар атқарылды.

Жыл басынан бері облыстық көпбейінді ауруханада 25 мыңнан астам ем алушыға жәрдем көрсетілген. Ал жасалған операция саны 10 мыңнан асып жығылады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы