СҚО әкімдігі

Облыс әкімінің орынбасары Пресновка ауылындағы жаңа үйлердің сапасын тексерді

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов Жамбыл ауданына барып, Пресновка ауылында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасын тексерді. Атқамінер тұрғындардың шағымы бойынша келді. Халықтың пікірінше, бой көтергеніне 1 жыл болған кейбір баспаналардан кемшілік анықталуда.

АҚАЛТЫН ЖҮКЕНОВА, Пресновка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

— Мен бұл жерге биылғы қыркүйек айында Светодуховка ауылынан көшіп келдім. Баламның мүмкіндігі шектеулі, сол себепті мемлекеттік бағдарлама бойынша бізге баспана табыс етілді. Басында бәрі жақсы еді, қар түсіп, аяз көтерілген соң кемшіліктер анықтала бастады. Бөлмелерде қолайлы температураны сақтау үшін күні-түні отын тасып, пеш жағу керек. Мәселе тиісті тұлғаларға айтылды. Содан кейін терезелерімізді қымтап берді.

Облыс әкімінің орынбасары шағым түскен үйлерді аралап шықты. Солардың бірінде жалғызбасты ана тұрады. Нәзікжандының айтуынша, үйдің терезесі қымталмаған, оған қоса жабық күйде тұрған есіктің өзінен жел кіріп, ызғар сезіледі. Нұрлан Кеңесов бұған өзі көз жеткізді.

Қазіргі таңда бұл үйлерде халықтың осал тобына жататын жандар тұрады. “Олардың барлық арыз-шағымы ескерусіз қалмауы керек”, – деді облыс әкімінің орынбасары. Нұрлан Кеңесов аудан әкімі Азамат Бектасовқа өзекті мәселені назардан тыс қалдырмай, шешуді тапсырды. 

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Міндетті түрде үйлерді тексеріп шығыңыз. Барлық кемшілікті анықтау үшін қақаған аязда келіп, жіті қарау керек. Қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Соны ұдайы қадағалаңыз. Кемшіліктер болса, акт толтырып мердігерге жолдаңыз. Ол олқылықтың барлығын жоюы тиіс. Бұл – облыс әкімінің тапсырмасы.

Бүгінде үйлерді 18 адам қайта қалыпқа келтіруде. Мердігер істі сағызша созбай, жақын арада аяқтауы керек. Оның 2 жылдық кепіл мерзімі бар. Яғни, анықталған барлық кемшілікті жоюға міндетті. Мәселені облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

 

Ұлан Ыдырыс