Бүгін – психологтардың кәсіби мерекесі. Атаулы күнге орай адам жанын емдеуші мамандар бас қосып, тәжірибе алмасты. Іс-шараның негізгі мақсаты – психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру және өзара байланысты нығайту. Мамандар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жұмыс істеу тәжірибелерін ортаға салды. Дана Жоламан – әл-Фараби мектеп-лицейінің психологы. Ол жақында өңір бойынша жылдың үздік психологы атанған. Білікті маман 10 жылдық еңбек өтілі ішінде қалыптасқан өзіндік әдіс-тәсілімен бөлісті.
ДАНА ЖОЛАМАН, әл-Фараби мектеп-лицейінің психологы:
— Маған жұмысым қатты ұнайды. Оқушылармен сөйлесіп, олардың жанын түсіну оңай емес. Бірақ дұрыс тәсіл қолдана білсең, жақсы нәтиже шығады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер мамандардың кәсіби дамуына серпін беріп, халыққа көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
НАТАЛЬЯ КАЧАЛКИНА, психологиялық қолдау орталығының директоры:
— Бүгінгі шара біз үшін өте маңызды. Әріптестеріміз тәжірибе алмасып, жаңа тәсілдерді үйреніп жатыр. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді. Оның ішінде кішкентай балалармен, жасөспірім жастағылармен және үлкендермен жүргізілетін жұмыстар да бар. Әріптестерім осының барлығын білім беру қабырғасында немесе адамдармен жеке тілдесу барысында қолданады.
Психологтар – қазіргі қоғам үшін аса қажет мамандар. Айтуларынша, бүгінде өңірде бұл салада білікті маман тапшы.
Мәдина Қаби