Құқық қорғау органдары

СҚО-да биыл 600-ге жуық жерлесіміз интернет-алаяқтардың құрбаны болған

Әлеуметтік желіде жасырынған қуды қалай анықтау керек? Құрығына қалай түспеуге болады? Мәселе өзекті. Жыл басынан бері облыста 590 интернет-алаяқтық тіркелген. Келтірілген залал көлемі 1 млрд 400 млн теңгеден асып жығылады. Жағымсыз статистиканың алдын алу мақсатында қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары оқу орындарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгін олар жоғары құрылыс-экономикалық колледжіне барып, ондағы студенттерге алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керектігін түсіндірді.

АЛМАГҮЛ ҒАББАС, Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін келіп түскен барлық ақпаратты жіті тексеру қажет. Егер тұрғындар жолданған мәліметтерді мұқият қараса, қылмыстардың санын 80-90 пайызға дейін азайтуға болар еді. Сізге банк, мемлекеттік орган немесе байланыс операторларының өкіліміз деп қоңырау шалса, айтылғанға бірден сенбеген жөн. Ұйымға өзіңіз қайта хабарласып, ресми сайттарда немесе ашық дереккөздерде көрсетілген нөмірді пайдалану керек.

Аңғал жан, ақпараттандырылмаған адам алданыш сөздерге сеніп қалуы оп-оңай. Оның арасында жастар да жапа шегуі ықтимал. Жағымсыз жайттарға ұрынбаудың басты тәсілі ол – алдын алу. Бүгінгі шара интерактивті ойын түрінде өткізілді. Қазіргі таңда ұл-қыздарға барлығын осылай түсіндерсек, оң нәтиже болады, – дейді мамандар. Шараға 40-қа жуық студент қатысты.

АЛИНА ЛИ, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

— Шарадан мол ақпар алдым. Қулар жайлы көп білемін. Интернет-алаяқтар маған бірнеше рет хабарласты. Мен қуларға алданбадым. Бірақ, жақын адамдарым алаяқтардың құрбаны болды. Білген-түйгенімді жақындарыма міндетті түрде айтып беремін.

Шарада дропперлер туралы да айтылды. Дропперлер – бұл алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар. Жәбірленушілердің ақшасы дәл осы жандардың банк карталарына түседі. Кейін бұл қаражатты дропперлер қуларға аударады. Полиция тексерген кезде алаяқтардың емес екі арада делдал болған азаматтың жеке дерегі шығады. Сөйтіп, олар бас бостандығынан айырылады. Сондықтан, біреуге көмектесем деп сотталып кетпес үшін сақ болған аса маңызды.

 

Нұрасыл Ахмет