11 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі экономикалық өсім 14,1 пайызды құрады. Экономиканың негізгі салаларында оң өсім қарқыны байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 20,8, инвестициялар көлемі 11,9, ауыл шаруашылығы 10,5, ал құрылыс саласы 31,4 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1,4, сауда саласы 13,3, ақпарат және байланыс саласы 0,5 пайызға артты. Сонымен қатар, көлік саласында 1,1 пайыздық төмендеу тіркелген. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы экономика басқармасының басшысы баяндады.
СНХР: НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
— Бұл жағдай аумақ арқылы негізгі жүктің Ресей темір жолы тармағы арқылы өтуіне және рубль бағамының әсеріне байланысты болып отыр. Жалпы, биыл облыста экономикалық өсімге қол жеткізілді. Алайда, бірқатар аумақтарда кейбір көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілмеді.
Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар бағыттар бойынша өңірдің көшбасшы позициясын сақтап отырғанын атап өтті. Облыс сүт өндірудің жалпы көлемі бойынша республикада екінші орында, ал агроқұрылымдар арасында бірінші орынға ие. Елдегі дайын сүт өнімдерінің шамамен 21 пайызы өңірде өндіріледі. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша үшінші орында тұр. Көрсеткіш 131,4 пайызды құрады. Тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары екі есеге артығымен орындалды. Көтерме сауда саласында өңір 121,7 пайыздық өсіммен республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсетіп, үздік бестікке енді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Біздің өңір аймақтар арасында сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында, ал агроқұрылымдардағы өндіріс бойынша бірінші орында тұр. Дайын сүт өнімдерін өндіруде облыс республикамызда көш бастап тұр. Елімізде шығарылатын өнімнің 21 пайызы біздің өңірге тиесілі.
Сонымен қатар, өңір басшысы кейбір салалар бойынша жоспарлы көрсеткіштерді арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттердің орындалуы аудан және қала әкімдеріне тапсырылды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өнеркәсіп саласы бойынша өңдеуші өнеркәсіп Ақжар, Жамбыл және Тимирязев аудандарында дамып келеді. Құрылыс саласында Ақжар, Айыртау және Мағжан Жұмабаев аудандары алдыңғы қатарда. Инвестиция тарту бағытында Айыртау ауданы мен Петропавл қаласы көш бастап тұр.
Өңірдің цифрлық даму стратегиясы туралы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров баяндады. Негізгі басымдық – жекелеген IT-жүйелерді енгізуден деректер мен жасанды интеллектке негізделген өңірлік басқару моделіне көшу. Жоспарланған жұмыстар бекітілген Жол картасы аясында жүзеге асырылмақ.
АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
— Цифрландыруды үйлестіру цифрландыру офисі арқылы жүзеге асырылады. Бұл офис құрамына бизнес өкілдері мен IT-қоғамдастық мүшелері де кіреді. Мұндай формат жобалардың қайталануына жол бермей, бірыңғай архитектураны қамтамасыз етуге және қолданбалы шешімдерді жедел енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда цифрлық құралдар білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық және жол қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ басқа да салаларда белсенді түрде енгізіліп жатыр.
Басқарма басшысы басым бағыттардың бірі – цифрлық инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде интернетке қолжетімділікті кеңейту екенін атап өтті. Қазіргі таңда ауылдардың 92,9 пайызы түрлі технологиялар арқылы ғаламторға қосылған. Мақсат – 2028 жылдың желтоқсанына дейін бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу. Сондай-ақ, IT-экожүйеге ерекше көңіл бөлінбек. Оның негізгі элементі – өңірлік университет және Жасанды интеллект орталығымен бірлесіп жұмыс істейтін «SKO HUB» IT-орталығы болмақ.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, «Инновациялық технологиялар паркі» АКҚ филиалының директоры:
— СҚО ХАБ іске қосылған сәттен бастап ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 150-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 5 мыңнан аса адам қатысты. СҚО ХАБ аясында түрлі форматтағы іс-шаралар іске қосылды. Олардың қатарында IT-лагерьлер, білім беру интенсивтері, сондай-ақ бизнес-инкубация бағдарламалары бар.
Айта кету керек, 2025 жылғы 22 қазанда Шал ақын ауданы аумағында еліміздегі және Солтүстік Қазақстан облысындағы алғашқы аудандық IT-орталық – Esil.AI <https://esil.ai/> ашылды. Қазіргі таңда өңірде мұндай орталықтардың саны 4-еу. Келесі жылға арналған жоспар – облыстың барлық аудандарында IT-орталықтар ашу. Өңір басшысы бұл орталықтарға арнайы KPI енгізуді тапсырды. Көрсеткіш ұсынылған стартаптар санына тікелей байланысты болады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бізге республикалық деңгейге шығатын, өңірге инвестиция тартуға ықпал ететін нақты нәтижелер қажет. Осыған байланысты СҚО ХАБ, университетпен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, кемінде екі стартапты республикалық деңгейге дейін жеткізуді тапсырамын. Сондай-ақ, 2026 жылы олардың жан-жақты қолдауын қамтамасыз етіп, ілгерілету жұмыстарын күшейту қажет. Екі стартап жеткіліксіз болуы мүмкін, бұл мәселе қосымша қаралатын болады.
Жиын соңында облыс әкімі жылыту маусымының үздіксіз өтуін қатаң бақылауда ұстауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалауды, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.