С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында кішкентай қала тұрғындарына арналған көңілді ертеңгіліктер өтіп жатыр. Зал мерекеге сай безендіріліп, жарқыраған шырша орнатылған. Ал әдемі киім киген балалар мәз-мейрам.
Ертеңгілік қызықты қойылыммен басталды. Сахнаға “Ойыншықтар әлемі” ертегісінің кейіпкерлері шығып, “Энди және оның ойыншықтары” мультфильмінен үзінді ұсынды. Актерлер өздері ғана өнер көрсетпеді. Олар ғажайыпқа толы мерекені асыға күткен ұл-қыздарға сұрақтар қойып, кешті одан сайын көңілді етті. Балғындардың арасында қосыла билегендер де болды.
Қойылымның негізі – балаларды ойыншықтарға, күнделікті өмірде қолданылатын заттарға ұқыпты қарауға баулу. Ертегінің режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров. Актерлер тәрбиелік маңызы зор туындыны бірнеше күннің ішінде дайындапты.
ДИАС ӨТЕПБАЙ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:
— Театрға жуырда ғана жұмысқа орналастым. Бұл – менің бірінші ертеңгілігім. Ойыншықтар әлеміндегі Энди деген баланың рөлін сомдаймын. Қойылымға аз уақыт дайындалдық. Ертегіде кейіпкерді сомдау оңай емес. Бірақ, барлығымыз жақсы көңіл-күйде дайындалдық.
Балалар қойылымды қызыға тамашалады. Көрерменнің жүзінен қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй анық байқалды. Қойылымнан кейін кішкентай көрермендер Аяз ата және Ақшақармен жолықты. Думан қыза түсті. Ұл-қыздар жаңажылдық кешке қатысып, ойын ойнады, би биледі, ән айтты.
Мәдина Қаби