Ем алып жатқан ұл-қыздар да ұмыт қалмайды. Петропавлдағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында Жаңа жыл мерекесіне арналған кеш ұйымдастырылды. Шапағатқа толы шараны татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің өкілдері әзірлепті. Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
АЙДАР МҰСТАФИН, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
— Адамның көңіл күйі көтеріңкі болып, жақсылықты ойласа, сырқатынан тез айығады. Өкінішке қарай, кейбір балалар Жаңа жылды ауруханада қарсы алады. Біздің міндетіміз – науқастарымызға мерекені сездіру. Сол себепті, осындай шараны жылда ұйымдастырамыз. Бүгін Аяз ата әр балаға сыйлық береді.
Балалардың кейбірі ата-аналарымен жатыр. Көңілді шара барысында үлкендер де балғындармен ойнап, мәз-мейрам болды. Қоғамдық бірлестік өкілдері ұл-қыздарға сыйлық үлестірді. Айтжанна Темірбекова бір аптадай ем қабылдауда. Бұрымды жаңажылдық кеште серпіліп қалғанын айтады.
АЙТЖАННА ТЕМІРБАЕВА, қала тұрғыны:
— Ауруханаға қан қысымым көтеріліп, басым ауырғаннан кейін түстім. Әрине, мұнда ішің пысады. Қалыптасқан режим бар. Сәл жалығып та кетеміз. Ал бүгінгі Жаңа жыл мерекесіне арналған шара көңілімізді көтерді. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Достарыммен байқауға қатыстық. Ойыншық та ұтып алдым.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыстық көпбейінде балалар ауруханасында 300-ден астам бала ем қабылдауда.
Мәдина Қаби