Ботаникалық бақта қала тұрғындары мен қонақтарына арналып ерекше көрме ұйымдастырылды. Сөрелерде 200-ден астам кеңес уақыты кезінен сақталып келе жатқан жаңажылдық ойыншықтар назарға ұсынылған. 130-дан астамы – Аяз ата мен Ақшақар. Бұл дүниенің барлығы мекеменің қызметкері Анна Ляшенкоға тиесілі. Азаматша 20 жыл бойы тарих қойнауында қалып жатқан жаңажылдық ойыншық жинаумен айналысады. Оның жеке топтамасындағы ең кішкентай жәдігердің ұзындығы 10 см-лік болса, үлкені жарты метрден асады. Мерекенің басты нышандары Ресей, Беларусь пен Германиядан жеткізілген.
АННА ЛЯШЕНКО, Ботаникалық бақтың гүл өсірушісі:
— Бұл ойыншықтардың ең көнесі өткен ғасырдың 30-шы жылдары жасалған. Барлығын үйде сақтаудың өзі бір үлкен жұмыс. Әрқайсысы бөлек қорапта тұрады. Суыққа шыдамайды, сынып қалуы мүмкін. Дені мақта мен гипстен жасалған. Көбін таныстарым сыйға берді. Арнайы іздеп жүріп, сатып алғандарым да бар. Бұл хоббиімнен жақындарым да хабардар. Маған мерекелерде осындай ерекше сыйлықтар тарту етеді.
АҚТОЛҚЫН СОЛТАНХАНҚЫЗЫ, тілші:
— Мына Аяз ата – көрмедегі ең көнелерінің бірі. Ол сонау 1963 жылы жасалған екен. Сырты жұмсақ мақтамен қапталған, ал негізі – ұстаған қолға сезілетін қатты ағаш. Арада қанша жыл өтсе де бұл ойыншықтар жақсы күйде сақталып қалған.))
Ал ең жаңасы 23 жыл бұрын жасалған. Жағалы шапанында елордадағы Бәйтеректің суреті салынған. Аяз ата мен Ақшақардан бөлек, көрмеде түрлі түсті шыны ойыншықтар да бар. Тағы кезінде балаларды таң қалдырған да табылады. Соның бірін бізге мекеме директоры Артур Рязапов көрсетті.
АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:
— Бұл – менің бала кезімдегі сүйікті ойыншықтарымның бірі. Оның үстіңгі жағындағы темірлері қазіргідей тетікті басу арқылы айналмайды. Қарайым сіріңкені тұтандырып, астындағы шамдарды жағамыз. Сонда қозғалыс орын алады, қоңыраудың дыбысы шығады. Бала күнімде бұны сиқыр деп ойладым. Таң қалған сәттерім әлі есімде. Ал өсе келе бұның қарапайым физика заңы екенін түсіндік.
Ерекше көрме қараша айының 28-і күні қанат жайған. Кез келген адам тамашалай алады. Мереке қарсаңында келушілердің саны артыпты. Қала тұрғыны Валентина Смирнова баққа келіп, балғын балалық шағын еске алуды жөн көрген.
ВАЛЕНТИНА СМИРНОВА, қала тұрғыны:
— Көрме қатты ұнады. Өзім осында танысымнан естіп келіп отырмын, енді сыныптастарыммен бөлісемін. Келесі жолы немерелерімді ертіп келемін. Балаларға бұрын біз ойнаған, шыршаны безендірген ойыншықтарды көрсетсем деймін.
Жаңажылдық көрме 15-ші қаңтарға дейін жалғасады. Тұрғындарға құлаққағыс! Егер үйлеріңізде көне ойыншықтар болса, көрмеге әкеліп, жұршылық назарына ұсына аласыздар. Таныстыру барысында үлес қосқан адамның аты-жөні аталып отырады.
Ақтолқын Солтанханқызы