СҚО әкімдігіБалалар

Аймақ басшысы Сәбилер үйінің тәрбиеленушілерін құттықтады

Мереке күні сәнді киімдерін киген бүлдіршіндердің көздері қуанышқа толы. Олар үшін бүгін ерекше күн. Мереке қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Сәбилер үйіне барып, балаларға тәттілер табыстады. Ол тәрбиешілер ұжымына атқарған еңбектері үшін алғыс білдіріп, балаға жылулық пен қамқорлық сыйлаудың маңызын атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мен бүлдіршіндерге ең бірінші мықты денсаулық тілеймін. Сәттілік серік болсын. Әрдайым көздері қуанышқа толы болсын. Осы жердегі тәрбиеші мұғалімдердің арқасында бұл балалар жылулықты сезінеді. Сондықтан сіздерге өз алғысымды білдіремін. Бір қуантарлығы қазір мемлекет тарапынан балаларға бар жағдай жасалып жатыр. Сондықтан білімді, болашағы жарқын жастарымыз көбейе берсін деймін.

1 ғасырлық тарихы бар Сәбилер үйінің мамандары тағдыр тауқыметін тартып, жылулық іздеген бүлдіршіндерге пана болып келеді.

АЛЕКСАНДР ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Сәбилер үйінің директоры:

— Бүгін бізге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келіп, балаларға арнайы құттықтауын жеткізді. Ол барлық мерекелерге келіп, балаларға қолдау білдіреді. Қазан айында өңір басшысының қатысуымен облыстық кітапханада сәбилеріміздің тұсауын кескен болатынбыз. Бүгін де арнайы келіп, балаларға сыйлықтар табыстады. Барша солтүстікқазақстандықты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жыл әр шаңыраққа денсаулық, бақыт және амандық әкелсін.

Сәбилер үйі 75 орынға шақталған. Балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Бүлдіршіндермен тәжірибесі мол тәрбиешілер, медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Бүгінде мекемеде 84 маман еңбек етеді.