СҚО әкімдігі

Үш жылға арналған қалалық бюджет талқыланды

Петропавл қаласы мәслихатының ХХХ-сессиясы өтті. Алқалы жиында алдағы 3 жылға арналған қалалық бюджетті бекіту мәселесі қаралды. Қазынадағы қаржының едәуір бөлігі халықты әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталмақ. Сонымен қатар, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, автомобиль жолдарын жөндеу және салу, аулалар мен қоғамдық жерлерді абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлінеді.

МАРАТ ЕРХАНОВ, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

— Қалалық бюджеттің 2026 жылға арналған параметрлеріне сәйкес, өзіндік кіріс көлемі 68 млрд 621,6 млн теңгені құрайды. 2027 жылы – 73 млрд 81,9 млн теңге, ал 2028 жылы 77 млрд 466,9 млн теңге болады. Келесі жылға арналған кіріс жоспары бюджеттік түсімдерді болжау әдістемесі мен облыстық қаржы басқармасының ұсынымдары негізінде есептелді.

Бөлім басшысы оқыған баяндама есепсіз сандардан тұрады. Мұндайды халық қалаулылары майшаммен қарамаса болмайды. Депутаттар оқылғанды сүзгіден өткізу арқылы анықтауды, нақтылауды қажет ететін жайттарға кезікті.

ЗАКИРЖАН МАМЛЮТОВ, қалалық мәслихат депутаты:

— Неліктен қаражат тиімсіз бөлінген? Спорт саласына 25 млн теңге бағытталмақ, ал мерекелік іс-шараларға 300 млн теңге қарастырылған. Мен мерекелерге қарсы емеспін, тек қаламызда спорттың да лайықты деңгейде бағалануын қалаймын.

Талқылау қорытындысы бойынша қалалық бюджеттің ағымдағы параметрлері бекітілді, бұл нақты шешім емес. Алдағы уақытта әр сала бойынша нақтылау жүргізілмек. Екінші маңызды мәселе – облыс орталығындағы тозған аулаларды жаңғыртуға арналған «Жаңа қала» бағдарламасы. Бұл жоба 5 жыл бұрын қабылданған. Оны қайта қарастыру қажет. Қазіргі таңда Петропавлда 1200-ден астам көпқабатты тұрғын үй және 15 мың жеке баспана бар. Олардың шамамен үштен бірі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған.

ТАЛҒАТ АҚПАРОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

— Қалпына келтіруге келмейтін, апатты жағдайдағы 28 тұрғын үй бар. Сонымен қатар, 204 көпқабатты үй мен жеке тұрғын үйлердің 80 пайызы тозып тұр. Соңғы 10 жылда қаланың тұрғын үй қоры 15,5 пайызға артты.

Жалпы, сессия барысында 10 мәселе қаралды. Олар қалалық мәслихаттың бұрын қабылданған шешімдеріне өзгеріс енгізуге, қала әкімдігі жанындағы жекелеген комиссиялардың жеке құрамын бекітуге, тұрақты комиссия төрағаларының есептерін тыңдауға, сондай-ақ 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мен кезекті сессияның күн тәртібін айқындауға қатысты.