Петропавлдың басты алаңында жаңажылдық шырша шамы жағылды. Аяз бен желге қарамастан мерекелік шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Көтеріңкі көңіл-күйдегі халық ерекше сәттің куәсі болуға асық. Ал ұйымдастырушылар кешті балалар үшін аса қызық концерттік бағдарламадан бастады. Әртүрлі мерекелік киім киген өнерпаздар Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, шыршаны айнала ән шырқады. Жұртшылық мәре-сәре. Олар келер жылдың жемісті, берекелік боларына сенімді.
Көпті күттірген сәт те келді. Жаңа жыл мерекесінің басты сәні – шырша шамдары халық алдында жарқ етті. Айнала түрленді, алаң ерекше әсемдікке бөленді. Балалардың қуанышы еселене түсті. Қалаға көрік беріп, алыстан мен мұндалап тұрған шыршаның биіктігі – 30 метр. Салтанатты шара барысында мерекелік от шашу да болды. Айта кету керек, биыл да облыс орталығының бірнеше ауданында Жаңа жыл мерекесіне орай шағын қалашықтар тұрғызылған.