Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырмау, вандализмнің алдын алу, есірткі қылмысына жол бермеу. Петропавлда “Адал көрші” акциясы бастау алды. Шара облыстық прокуратура мен тәртіп сақшыларының бастамасымен қолға алынған. Шыны керек, көп жағдайда іргелес үйде тұратын адамдар отбасыдағы жанжалды естісе де, маңайда орын алған құқықбұзушылықтарды көрсе де ешкімге айтпайды. Бүгінгі басқосуда мамандар бұның қате түсінік екенін ПИК төрағаларына түсіндірді.
ОРАЗГЕЛДІ МҰСАФАР, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:
— Акцияның басты мақсаты – құқықбұзушылықтардың алдын алу. Тұрғындарға оның ортақ мәселе екенін түсіндіру. Азаматтар қылмыстың орын алғанын көрсе бірден учаскелік полицейге жеткізу керек.
Жыл басынан облыста 250-ге жуық есірткі қылмысы, мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Құқық қорғау органдарының өкілдері жағымсыз статистиканы азайту үшін ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бірақ, оң нәтиже көрсетпей тұр. Сондықтан да прокурорлар мен полицейлер дәл осындай акцияны ойлап тапқан. ПИК төрағалары шарадан мол ақпар алды. Түсінгендері бойынша тұрғындармен кездесу өткізеді.
ТАЛҒАТ ӘБІЛҒАЗИН, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
— Кәрім Сүтішев көшесіндегі екі көпқабатты баспанаға жауаптымын. Тұрғындарды барлығы дерлік тәртіпті. Арасында тыныштық бұзатындары бар. Ондай сәтте бірден учаскелік полицейді шақыртамыз.
Петропавлда 1200-ден астам көпқабатты баспана бар. Ондағы тұрғындар қоғамның тыныштығына бейжай қарамаса, құқықбұзушыларды көріп, бірден тәртіп сақшыларына жеткізсе жағымсыз статистикалар азаяры сөзсіз. Шара аяқталғаннан кейін шенділер үйлерге барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Нұрасыл Ахмет