М.Қозыбаев атындағы СҚУ Басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев 2024-2025 оқу жылын қорытындылап, есеп берді. Шараға қоғам белсенділері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Биыл білім ордасы алғаш рет еліміздегі үздік 20 жоғары оқу орнының қатарына енген. Сонымен қатар, Орталық Азияның үздік 50 университетінің бірі болап танылды. Бұл оқу жылында университеттегі тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалықтың бірі – Халықаралық кампустың ашылуы.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ Басқарма төрағасы-Ректоры:
— Халықаралық кампустың басты миссиясы – АҚШ-тың Аризона университетімен әріптестікте қос дипломдық және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру. Қазіргі таңда серіктестік нәтижесінде 5 қосдиломдық және 11 біріккен бағдарлама бар. Осының аясында қазіргі таңда 29 бала АҚШ-та білім алуда.
Университет қабырғасында оқытушылардың біліктілігіне де аса назар аударылған. Қазіргі таңда мұнда 484 ұстаз қызмет етеді. Оның 120-ға жуығының ғылыми дәрежесі бар. Оқытушылар мен білім алушылардың білімін арттыру мақсатында университетте түрлі жайлы жағдай жасалған. Мәселен, оқу корпустарындағы бірқатар аудитория мен фойелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу орнының сырт бет-бейнесіне де өзгертулер енгізілді. Ұл-қыздардың әр бастамасына басшылық тарапынан зор қолдау көрсетіліп, мәселелері талқылануда.
АСАНӘЛІ ЖАНАТҰЛЫ, Қозыбаев университеті студенттік үкіметінің президенті:
— Бізде нақты функция бар, нақты қызметтер бар. Университет тарапынан үлкен қолдау бар. Бұл – маңызды фактор. Жаңадан ашылған жатақхананы да айта кету керек. Биыл бірінші рет осындай үлкен жатақханаға орналастырдық. Қазір анықталған мәселелердің шешу жолын қарастырудамыз.
Оқу орнының басшылығы келер жылға бірқатар мақсат қойған. Атап өтетін болсақ, университетте ғарыштық мониторинг орталығын құру жоспарланып отыр. Одан бөлек жасанды интеллект орталығы мен индустриялық кеңес құру көзделген.
Ақтолқын Солтанханқызы