СҚО әкімдігі

Айдарбек Сапаров: “Енді ет өндірісіне басымдық беру қажет”

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов ауданында болды. Мұнда ведомство басшысы шаруашылықтардың, өңдеу кәсіпорындарының және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті. Жиында ағымдағы жыл қорытындыланды, күтілетін өздерістер мен негізгі басымдықтар туралы айтылды. Мемлекет қолдауының, еңбекқор диқандардың арқасында өсімдік шаруашылығында зор жетістікке жеттік. Енді төрт түлік өсіруге күш салу қажет. Әсіресе, ет өндірісіне назар аудару керек. Себебі, биыл елімізде халықты алаңдатарлық мәселе тіркелді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

— Теперь надо уделять большое внимание на животноводство. Неге? Біз қазір экспортты жауып тастадық. Мұндай қадамға ішкі нарықта еттің бағасы көтерілген соң бардық. Малдың саны кеміді. Осыған байланысты квотаға көштік. Біздің міндет – малдың санын арттыру. Кімде жер бар, сол мал ұстауы қажет.

Мал шаруашылығын дамытуға үлес қосатын жандар қолдаусыз қалмайды. Қазір елімізде арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Оны дайындауға өңірлерден мамандар тартылып, арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Яғни, аса маңызды құжат жер-жердегі шаруалардың өтініш-тілегі бойынша жарық көрмек. Қуантарлық тағы бір жайт – өңдеуші кәсіпорындардың салынуы. Келешекте заманауи нысандарда қазір қоқысқа төгілетін шикізат кәдеге жаратылады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

— Өңдеуші кәсіпорындарды қолдау мақсатында биыл 5% жылдық мөлшерлемемен 44,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қысқамерзімді несиелер қарастырылды. Мұндай көмек жалғасын табады. Кешенді жоспар аясында ұзақ жылдарға арналған қаржы бөлінбек. Қаражаттың бір бөлігі жүн мен тері өңдейтін зауыт және фабрикалардың құрылысын субсидиялауға бағытталады. Мемлекет тарапынан жәрдем бар. Біз сіздерден қолдау және ұсыныс күтеміз.

Келелі кездесу марапаттау рәсімімен аяқталды. Айдарбек Сапаров Ақордадағы алқалы жиынға денсаулығына байланысты бара алмаған “Астық қоймалары” серіктестігінің слесарі Сергей Мацияускасқа Президенттің “Ерен еңбегі үшін” медалін табыстады. Кейін министр жұмыс сапары аясында “Новоишимский мелькомабинат” серіктестігіне барды. Биыл бұл ұйым мал шаруашылығына қажетті құрама жем шығаратын заманауи зауыттың таспасын қиды. Шетелдік қондырғылармен жабдықталған өндіріс ошағының мүмкіндігі зор.

Алдағы уақытта өнім көлемі ұлғаймақ. Зауыт басшылығы жылына жалпы 750 мың тонна құрама жем шығаруды көздеп отыр. Ғабит Мүсірепов ауданында жүзеге асқан тағы бір ілкімді жоба – “Буденное” серіктестігінің тауарлы-сүт фермасы. Өндіріс ошағының құрылысы аяқталды, қондырғылар орнатылды. Енді қаңтардың басында шекара сыртынан ірі қара жеткізіледі.

Бұл ретте де мемлекеттік қолдау бар. Қазір кейбір отандық фермерлер шетелден малды ұшақ арқылы жеткізеді. Ол үшін министрлік тарапынан төленетін субсидия көлемі артыпты. Тілдесу соңында министр Айдарбек Сапаров осыны тілге тиек етті.

 

Байболат Құлтанов