Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Жүректерге жылу сыйлайтын бастама

Жаңа жыл жақындаған сайын жүректерге жылу сыйлайтын игі істердің маңызы арта түседі. Облыс орталығында «Аяз ата бол» атты қайырымдылық акция бастау алды. Бұл бастама әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балалар мен жас және көпбалалы отбасылардың жаңажылдық армандарын орындауға бағытталған: қала тұрғындары арнайы жәшіктен хат алып, әр баланың тілегін жүзеге асыруға үлес қосады.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Біз бұл жерге бүлдіршіндердің хаттарын жинадық. Әр хатта үміт пен сенім, кішкентай жүректердің үлкен арманы бар. Бүгін сол хаттардың барлығы біздің дайындаған арнайы жәшігімізге салынды. Енді кез келген жан жәшіктен хат алып, бір баланың жаңажылдық арманын ақиқатқа айналдыра алады.

Қатысушылар хаттарды қолға алып, әр баланың арманына көз тастады. Кейбірінің көзіне мейірімнен жас үйіріліп, кейбірі шаттықтан күліп жіберді. Әр хат – тек қағаз емес, әр жеткіншектің жүрегіндегі үміттің бейнесі.

ШАМИЛЬ ШАКИРОВ, қала тұрғыны:

— Жаңа жыл қарсаңында не тілесең де бәрі орындалады, барлық арман ақиқатқа айналады» деп жатады. Бүгін өтіп жатқан акция – креативті бастама. Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде маған 14 жастағы жасөспірімге велосипед сыйлау бұйырды. Жаңа жыл қарсаңында баланың жүрегіндегі ең үлкен арманын орындау – шын мәнінде мен үшін ерекше қуаныш.

Осылайша акция қатысушылары бір сәтке Аяз атаға айналды. Жақсылық жасау – әркімнің қолынан келеді. Аяз ата болу үшін тек жүрек жылуы мен шынайы мейірім жеткілікті.

 

Жангельді Жамалиев