Өнеркәсіп

СҚО-да Қазақстандағы ең ірі қоюландырылған сүт өндіру цехы іске қосылды

Петропавлдағы «Eurasian Milk» кәсіпорнында еліміздегі ең ірі қоюландырылған сүт өндіру цехы іске қосылды. Жоба Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа ашылған өндіріс цехының жұмысымен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Серіктестіктің бас директоры Андрей Гриценконың айтуынша, жаңа цехтің жылдық қуаты 12 мың тонна сүт өңдеуге жетеді. Бұл өндіріс зауыттың жалпы қуатын 30 мың тоннаға арттырып, көршілес мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндік береді.

АНДРЕЙ ГРИЦЕНКО, «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры:

— Біріншіден, біз Қазақстандағы сүт өнімдеріне деген сұранысты толық жабуды мақсат етіп отырмыз. Содан кейін ғана өнімімізді жақын шетелдерге экспорттау мүмкіндіктерін қарастырамыз. Қаіргі таңда, зауыттың жылдық қуатын арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Біз өніміміздің сапасы жағынан импорттық тауардан асып түсетініне сенімдіміз. Негізгі экспорт бағыттары – ТМД елдері, Орталық Азия мемлекеттері, Қытай және Моңғолия.

Кәсіпорын облыстағы ең ірі сүт өңдеу зауыттарының бірі болып табылады. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужиновтің айтуынша, бұл жоба импортты азайтуға, сондай-ақ жергілікті фермерлерден алынатын шикізатты толық өңдеуге мүмкіндік береді.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

— Біздің облыста қоюландырылған сүтке сұраныс жылына 1300 тоннаны құрайды. Ал осы цехтің қуаты одан 10 есе асып түседі. Қуаттылығы жағынан елімізде тоғызыншы болып есептелсе де қоюландырылған сүт өндірісі бойынша ең ірі зауыт болып табылады. Ол елге келетін импортты 100% жабуға қабілетті, ал импорт көлемі жылына 11 мың 400 тоннаны құрайды. Сонымен қатар, артылған өнім экспортқа шығару үшін жеткілікті.

Қазір зауытта сүт өнімінің 20-ға жуық түрі шығарылады. Болашақта мұнда жылына 125 мың тонна ақ өңдеу жоспарланып отыр. Ал қоюлатылған сүт өнімін шетелге экспорттау келесі жылға межеленген.

 

Жангельді Жамалиев