Жаңа жыл жақындаған сайын қалада қарбалас артып, мерекелік сауда қыза түсуде. Жарқыраған шамшырақ пен көңіл көтерер отшашу көптің назарын өзіне тартқаны рас. Алайда, қуанышпен қатар қауіпсіздік те қатар жүруі тиіс. Осы мақсатта өңірде «Пиротехника» профилактикалық акциясы өтуде. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері бірлесіп, сауда орындарын аралап, кәсіпкерлерге заң талаптарын түсіндіруде. Саудагерлердің айтуынша, дүкен сөрелерінде тек жаңажылдық безендіруге арналған заттар ғана ұсынылып, заңға қайшы өнімдерге жол берілмейді.
ДИДАР БЕКБОЛАТ, сатушы:
— Біз Жаңа жылға арналған шамшырақ, шыршаларды сатамыз. Басқа заңға қайшы ешқандай заттар жоқ. ТЖД қызметкерлері келіп, барлық жағдайды түсіндірді. Яғни, бізге мәлімет жазылған қағаздарды тарту етті.
Пиротехникалық бұйымдар – мерекенің көркі болғанымен, дұрыс қолданылмаса қауіп көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады. Рейд барысында мамандар сатушыларға заң талаптарын еске салып, тұрғындардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігі бәрінен жоғары екенін атап өтті.
БОЛАТ ОСПАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:
— Тұрғындарға пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз. Пиротехниканы тек арнайы мамандандырылған дүкендерден сатып алу қажет. Ондай дүкендерде өнімнің сәйкестік сертификаты, қаптамасы, жарамдылық мерзімі және қолдану жөніндегі нұсқаулығы болуы тиіс. Қолдан жасалған пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Айта кету керек, барлық рейдтік шаралар – тек тексеру үшін емес, тұрғындардың мерекесін қауіпсіз етуге бағытталған. Қала көшелері мерекелік жарыққа бөленгенімен, әр отбасының амандығы – басты назарда.
Жангельді Жамалиев