“Менің мамандығым-менің жетістігім”. Осындай атаумен Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде жастар форумы өтті. Жиында солтүстікқазақстандық колледж студенттерінің бір жыл ішіндегі жетістіктері сөз болды. Жуырда теріскейлік жастар “WorldSklills Kazakhstan-2025” республикалық чемпионатына қатысып, 3 алтын, 3 күміс пен 2 қола жеңіп алды. Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, мұндай бейінді сайыстар болашақ маманның кәсіби тұрғыда шыңдалуына ықпал етеді.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Жыл бойына біршама іс-шара өтті. Кәсіби бағдар жұмыстарының арқасында жұмысшы мамандықтардың саны 50 пайызға жетті. Қазір өңіріміздегі 24 колледжде 12 мыңнан астам студент оқып жатыр.
Форум аясында өңір намысын республикалық деңгейде абыроймен қорғаған жастар алғыс хатпен марапатталды. Айдос Орысбек Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Құтқарушы” мамандығына оқиды. Ол бәсі биік сайыста өз командасымен бірге “құтқару жұмыстары” құзыреттілігі бойынша 2-ші орынға ие болған. Бас жүлде ақтөбеліктерге бұйырыпты. Жігерлі жастардың айтуынша бұның өзі – зор жетістік әрі бұдан да биік белеске жетелей түсері анық.
АЙДОС ОРЫСБЕК, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:
— Жарыс 3 күн өтті. Бірінші күні жауынгерлік киім киіп көрсеттік. Қалған күндері біз бірнеше қабатты үйлерге көтерілдік. 100 метрлік қашықтыққа жүгірдік.
Жалпы, “WorldSklills Kazakhstan-2025” чемпионатына 7 колледжден 20-дан астам жас қатысты.
Мәдина Қаби