Өнеркәсіп

Петропавлда саңырауқұлақ фермасы іске қосылды

Өңір басшысы мен ауыл шаруашылығы министрі алдымен «Жасыл Солтүстік» жылыжай кешенінде болды. Қазіргі таңда облыстың ең ірі жылыжай кешені жыл сайын шамамен 3 мың тонна қияр өндіреді және өңір қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етеді. Жылыжай кешенінің аумағы-3,7 гектар. Болашақта серіктестік қызанақ пен көк шөп дақылдары есебінен өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кәсіпорында заманауи технологиялар енгізіліп, өндіріс процесі автоматтандырылған. «СҚО тәжірибесін тираждау» жобасы аясында алдағы уақытта өндірістік қуатты жылына 4,5 мың тонна дайын өнімге дейін ұлғайту жоспарланған.

Сондай-ақ Айдарбек Сапаров пен Ғауез Нұрмұхамбетов «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аумағында ашылған саңырауқұлақ фермасының жұмысымен танысты. Отандық инвестордың бастамасымен жүзеге асырылған жоба өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму департаментінің басшысы:

— Біз тек саңырауқұлақ өсіріп қана қоймай, оны терең өңдейміз. Мұнда тоңазытудан бастап консервілеу сияқты процестер жүзеге асады. Сол арқылы импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар. Бұл ферма өнімді Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына экспорттауға жол ашады. Солтүстікте мұндай саңырауқұлақ фабрикасы біреу ғана. Ал ел бойынша Алматы облысында бар.

Жобалық қуатқа шыққаннан кейін ферма жылына 2 400 тонна шампиньон және 4 мың тонна компост өндіре алады. Бұл елдегі саңырауқұлақ өнімдеріне деген сұраныстың шамамен 25%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 65 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндіріс Польшада шығарылған заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Министр аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, отандық инвесторларды қолдауға және жоғары қосылған құны бар заманауи өндірістер құруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

— 11 айдың қорытындысы бойынша айтатын болсақ, былтырғы жылмен салыстырғанда инвестиция 28 пайызға көп тартылды. Ол мемлекет қоолдауының арқасында. Біз СҚО-ның тәжірибесі бойынша 2 млрд теңге қаржы бөлген болатынбыз. Сол кезде жылдың аяғына дейін аяқталсын деп айтқан едік. Компанияның басшылары жұмысты дәл уақытында аяқтап, көзіміз жетіп, таңқалып отырмыз. Жақсы жұмыс жүріп жатыр екен.

Қоса кетейік, жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгені құрайды, оның жартысы мемлекеттік қолдау тетіктері, соның ішінде «Солтүстік» ӘКК мен «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған.