Біз ата-бабамыз аңсап өткен “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл – елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілінің бірлігі мен сыйластығының жемісі. Бұл бағытта әлі де ауқымды жұмыс атқарған жөн. Осы мақсатта Петропавлда “Қазақстан бірегейлігін қалыптастыру және нығайту: Басшылардың біріктірудегі рөлі” атты форум өтті. Шараның шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Әділдік пен билікке деген сенім тек алға жетелейді. Ал басшылар болса халықтың сеніміне ие болып, талмай еңбек ету қажет.
Тәуелсіз еліміздің басты құндылықтары – ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық, ауызбіршілік пен тұрақтылық. Осылардың барлығын одан әрі нығайту, жоғалтпау – билік өкілдерінің басты міндеті. Бұл бағытта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ауқымды жұмыс атқарып келеді.
АЗАМАТ ЖОЛМАНОВ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:
—Академия 2011 жылдан бері мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Бізден түлеп ұшқан атқамінерлер елдің дамуына сүбелі үлес қосуда.
Мемлекеттің ертеңіне алаңдамас үшін сенім артар жастар тәрбиеленуі тиіс. “Ел боламын десең бесігінде түзе” деп ата-бабамыз бекерден-бекер айтпаған. Ұрпақты тәй-тәй басқаннан адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелеу үшін дана ақсақалдарымыздың ақылы ауадай қажет. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бірегейлік сезімі университет дәрістері арқылы емес, отбасыдағы тәрбие арқылы қалыптасады деп есептейді.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Елдің қамын ойлайтын ұрпақ қалыптастыруда данагөй ақсақалдардың алар орны ерекше. Бірақ, аға буын өкілдері басқаға ақыл айтпас бұрын ұлттық құндылықтарымызды жіті меңгерген жөн.
Шараның соңында өңірдің дамуына, ұлтаралық келісімді нығайтуға зор үлес қосқан жандар марапатталды. Құрметке бөленгендердің арасында әріптесіміз Әлия Икамбаева да бар.
Нұрасыл Ахмет