Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өңірлік достық фестивалі өтті. Шараны «Коперник» облыстық поляк мәдени орталығының мүшелері ұйымдастырды. Фестиваль шымылдығын “Қуанамын” би ансамблі ашті. Себебі, дәл осы ұжым 15 жыл бұрын поляк би фестиваліне қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіпті.
ВАЛЕНТИНА КОРНЕВА, «Коперник» облыстық поляк мәдени орталығының төрайымы:
— Бүгінгі шараның “Достық фестивалі” аталуы бекер емес. Біз бұл арқылы ұлтаралық ауызбіршілігімізді көрсеткіміз келді. Биыл “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығының құрылғанына 20 жыл толды. Жалпы, өңірімізде 11 мыңнан астам поляк тұрады.
Фестивальге көкшетаулық өнерпаздар да қатысты. “Степове квяты” ансамблі Петропавлға ұжым болып алғаш рет келіп отыр. Олар бүгін поляк тілінде ән айтып, би билейді. Ансамблдің белді мүшелерінің бірі – Янина Раковская төл мәдениетін ғана емес, мемлекеттік тілді де дәріптеп жүр.
ЯНИНА РАКОВСКАЯ, «Стeпове квяты» ансамблінің мүшесі, Көкшетау қаласы:
— Мен үшін Ассамблеяның 30 жылдығы – елдегі бейбітшілік пен бірліктің айқын көрінісі. Біз поляк этномәдени бірлестік өкілдері мемлекттік тілді білу – азаматтық міндет деп санаймыз. Қазақ тілін меңгеру – ол Қазақстанға деген құрметтің белгісі. Ал бүгінгі шаралар халықты одан әрі жақындастырады деп ойлаймын.
Жалпы, шарада 15-ке жуық поляк әндері шырқалып, билері биленді. Фестивальге қатыстқан әр өнер ұжымына диплом табыс етілді.
Ақтолқын Солтанханқызы