Осыған орай облыс аумағындағы сала мамандары мен ардагерлері бас қосты. Кіреберісте архившілер назарына қордағы деректер негізінде шағын көрме ұйымдастырылды. Оған “Архив-тарихтың қымбат қазынасы” атауы берілген.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
— Біздің қорымызда 19-ғасырдың ортасы, тіпті 18-ғасырдың құжаттары бар. Қорымыз жылдан-жылдан маңызды деректермен толығу үстінде. Біз өңіріміздің тарихын терең зерттеуге аса көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі таңда облыс бойынша архив жүйесінде 1 млн 800-ден аса құжат сақтаулы.
Шара барысында өңіріміздің тарихи мұрасына жауапты маманның 30-ға жуығы марапатталды. Оның екеуіне “Архив ісінің үздігі” төсбелгісі табыс етілді. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерге саланың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін министрдің Құрмет грамотасы табыс етілді. Марапатталған жандардың бірі – Ақжар ауданы архивінің директоры Әсемгүл Сүлеева.
ӘСЕМГҮЛ СҮЛЕЕВА, Ақжар ауданы архивінің директоры:
— Біздің архивіміздің қорында 179 мың дерек бар. 46 мыңнан астам құжат сақтаулы. Өте құнды құжаттар сақтаулы. Атап өтетін болсақ, 1932-1933 жылдардағы араб, латын графикасындағы туу туралы актілер сақталған.
Жалпы, бүгінде өңірде облыстық архивтің 14 филиалы бар. Салада 200-ден астам маман тер төгіп жүр.
Ақтолқын Солтанханқызы