Петропавлға таяқ тастам жерде орналасқан Чапаево ауылына кіреберіс тұста жаға ұстатарлық жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл жерде
Lexus пен Mitsubishi маркалы темір тұлпарлар соғылды. Салдарынан 7 адам жедел жәрдем көлігімен Қызылжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің 5-еуі үйлеріне жіберілді, 2-еуі жатқызылып, соның 1-еуіне шұғыл операция жасалды. Бүгінде 48 жастағы науқастың жағдайы “ауыр” деп бағаланып отыр. Жүргізушілердің ішімдік ішпегені анықталды. Қазір оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр. Сонымен қатар, кешке кешкілік Петропавлдағы Қизатов көшесі бойында “Audi 80” маркалы көлік жүргізушісі нәзікжандыны соқты. 46 жастағы әйел жаяу жүргіншілер жолағы арқылы өтіп бара жатыпты. Алғашқы көмектен кейін зардап шегуші үйіне жіберілді. Жақын арада бұл факті бойынша да тиісті шешім қабылданады.