Жуырда Рудный қаласында мейбукан годзю-рю карате-додан республикалық деңгейдегі турнир өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар жиылған жарыс нағыз шеберлік пен төзімділік сыналған алаңға айналды. Байрақты бәсекеде солтүстікқазақстандық құрама сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орын иеленді.
— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар мықты болды, бірақ біз әр жекпе-жекке бар күшімізді салдық. Командалық екінші орын – біз үшін зор жетістік.
— Маған каратемен айналысқан ұнайды. Осыған дейін бірнеше жарысқа қатыстым. Алдағы мақсатымыз-республикалық деңгейде бірінші орын алу және нәтижені одан әрі жақсарту.
— Бұл турнир маған зор тәжірибе берді. Менің тарапымнан әрине сәл қателіктер болды, бірақ соған қарамастан қарсыласымнан басым түстім. Алдағы жарыстарда қателіктерімнің барлығын түзеуге тырысамын.
Республикалық турнирден олжалы оралған каратешілер бүгінде күнделікті жаттығуларына кіріскен. Әрбір соққылары мен қимылдары- жеңіске апарар жолдағы маңызды қадам. Бұл жерде тек физикалық дайындық қана емес, тәртіп, төзімділік және спорттық рух қалыптасады.
Жарысқа 14 жасқа дейінгі каратешілер қатысты. Олар кумите және ката дисциплиналары бойынша сынға түсті. Солтүстікқазақстандық спортшылар 21 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 8 алтын, 6 күміс және 7 қола жүлде бар. Бұл нәтиже – өңірдегі карате мектебінің жүйелі дамып келе жатқанының айқын көрінісі.
ОЛЕГ КОЛТУНОВ, СҚО мейбукан годзю-рю карате-до федерациясының әкімшілік директоры:
— Республикалық турнир жоғары деңгейде өтті. Еліміздің барлық өңірінен мықты спортшылар қатысты. Команда жақсы дайындықпен барды. Жүлделі орын иеленуіміз – спортшыларымыздың тәртібі мен күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Республикалық турнирде күміс жүлдеге қол жеткізген теріскейлік жеткіншектері алдағы уақытта да тыңғылықты дайындалып, өңір намысын абыроймен қорғауға ниетті.
Жангельді Жамалиев