Мемлекеттік сатып алудың орындалуы, алынған қаражаттың жүйелі игерілуі. СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жылды қорытындылады. Басқосуға жергілікті атқарушы орган өкілдері, қала мен аудандардан келген ұйым басшылары және есепшілер қатысты. Биыл білікті мамандар камералдық бақылау арқылы 13 аудиторлық шара өткізіп, 25 млрд теңгенің бұзушылығын анықтаған. Көбі мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзуға қатысты.
ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары:
— Тексеріс нәтижесінде 20 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 14,5 млрд теңгені құрайтын 4 шарт соттың шешімімен жарамсыз деп танылды.
Аудиторлар тексеріс барысында кәсіпорындардағы материалдық-техникалық базаға, мемлекеттік қызметке бөлінген қаржының толық игерілмей қалғанын анықтаған. Яғни, бюджеттен бөлінген қаржы тиісті жерге жетпеген. Жиын барысында бейінді департаменттің мамандарына есепшілер сұрақты қарша боратты.
ОЛЬГА ПОЛЯНЦЕВА, “Жамбыл” орман шаруашылығының есепшісі, Жамбыл ауданы:
— Ұйым бір жылға жететін жанармай алу үшін жеткізуші компаниямен келісімге отырады. Заң бойынша мемлекет оларға ақпан айында бірақ ақша төлейді. Техникаларымыз қаңтар айында немен жүреді? Осы процесті тездетсе екен дейміз. Себебі, біз серіктестіктерге қарыз болып қаламыз.
Бұл жалғыз Ольга Полянцеваның мәселесі емес. Есепшілердің барлығы заң жобасына өзгеріс енгізілгенін қалайды. Аудиторлар аталған проблеманы шешу үшін Қаржы министрлігіне ресми хат жолдайтындарын мәлімдеді.
Нұрасыл Ахмет