Петропавлда Жаңа жыл мерекесіне әзірлік жалғасып жатыр. Дайындық жұмыстарына мына ұл-қыздар да кіріскен. Шығармашылыққа жақын және мүмкіндігі шектеулі балалар экологиялық материалдардан ойыншықтар әзірлеуде. Кәдеге жаратылатын заттар – пластик, қағаз, картон және өзге де дүниелер. Диана Маратова – шеберлігімен тәнті ететін жастың бірі. Ол алдағы мереке ерекше есте қалғанын қалайды.
ДИАНА МАРАТОВА, оқушы:
— Мен шығармашылық үйірмеге біраз уақыт қатысамын. Сурет салып, бұйымдар жасаған ұнайды. Біз қазір қағаздан Аяз ата істеп жатырмыз. Бұған дейін де жасап көрген едім. Жақсы шықты. Бүгінгі іс-шараға арнайы әдемі көйлегімді киіп дайындалып келдім.
Жаңа жылға дайындалып жатқан қылықты балалар – 5 пен 14 жас аралығындағы ұл-қыздар. Шеберлердің басын қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері қосты. Жасалған ойыншықтар пайдаға асады. Олар ерекше үлгідегі шыршаға ілінеді.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Біз бұл акцияны “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында өткізудеміз. Республикалық жобаның мән-маңызын көпшілікке ұғындыру, жастарымызға түсіндіру мақсатында экошырша әзірледік. Соған ойыншықтардың барлығы ілінеді. Мақсатымыз – тазалықты қолдау, ұл-қыздарға қуаныш сыйлау. Шараға “Солнечный дом” қоғамдық қорына мүшелік ететін балаларды арнайы шақырдық. Олар да мерекелік көңіл-күйді осы күндерден сезінуі тиіс.
Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері құр қол келмеген. Олар ғажайыпқа толы мейрамды асыға күткен балаларға сыйлықтар әкеліпті. Шара соңында ұйымдастырушылар ұл-қыздарға базарлықтарды үлестіріп, алдағы мерекемен құттықтады.
Мәдина Қаби